Павлодарда жас қыз 82 жастағы зейнеткердің бар жиған-тергенін ұрлаған

7 Қыркүйек 2023, 12:28 693

Павлодарда жас қыз 82 жастағы зейнеткердің 2,5 млн теңгесін қолды қылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияға 82 жастағы зейнеткер  өтінішпен жүгінген. Қала тұрғынының үйінің кіреберісінде 20-25 жас аралығындағы белгісіз қыз алдау жолымен 2,5 млн теңге сомасында ақша қаражатын иеленгені анықталды. 

Зейнеткер немересінің қала телефонына қоңырау шалып жылап, ақша сұрағанын түсіндірді. Ол өзінің кесірінен жол-көлік оқиғасы орын алғанын, жүргізуші зардап шеккенін, оған операцияға және қылмыстық істі тоқтатуға шұғыл ақша қажет екенін айтып сендірген. Осылайша қала тұрғыны кіреберісте белгісіз қызға ақша берген, – деді департаменттен. 

Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 

Тергеу барысында күдікті Telegram мобильді қосымшасында жұмыс іздеу барысында чатқа кіргені анықталды. Онда оған ақша қаражатын тасымалдау және аудару үшін курьер жұмысын ұсынған. 25 жастағы қала тұрғыны осыған ұқсас үш қылмыс жасады деген күдікке ілінді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: