Павлодарда заңсыз еңбек етіп жүрген 81 шетелдік ұсталды

9 Маусым, 21:10 588

Павлодар облысында "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық шарасы жалғасуда. Төрт күн ішінде полицейлер  заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 81 шетелдік пен 23 жұмыс берушіні анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция департаментінің мәліметінше, облыс орталығында тұрғын үйдің құрылыс объектісінде жұмыс істеу барысында Өзбекстан Республикасының 11 азаматы ұсталды. Олар рұқсат құжаттарынсыз әрлеуші ретінде заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.

Осы факті бойынша Халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды.

Бұдан өзге Өзбекстан Республикасының төрт азаматы ұсталды. Олар уәкілетті органның рұқсатынсыз қалалық ЖК-нің бірінде жұмысшы ретінде заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.

Қазіргі уақытта дара кәсіпкерге қатысты ҚР Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік хаттама толтырылды. Өзбекстан Республикасының үш азаматына 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды және біреуіне елден шығару түрінде жаза қолданылды,-делінген полиция мәліметінде.

Жалпы іс-шараның 4 күні ішінде Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзғаны үшін 191 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің келгені туралы хабарламағаны үшін 73 қабылдаушы жазаланды.  

Перизат Саденова
Бөлісу: