Павлодарда заңсыз алкоголь өнімдері тәркіленді

17 Ақпан 2023, 17:53 1018

Бұл туралы Polisia.kz мәлім етті

Павлодар облысының жедел қызметкерлері контрафактілік алкогольді тәркіледі. Павлодар облысының аумағындағы елді-мекендерден заңсыз алкогольді өнімдер табылып, тәркіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Ағымдағы жылдың 15 ақпанында сағат 09:25-те Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Mitsubishi Rajego автокөлігін ұстады. Автокөлікті тексеру кезінде салонда әрқайсысының көлемі 5 литр болатын құрамында спирті бар 15 бөтелке табылды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚКБ бастығы Мақсат Сапарғалиев.

Сондай-ақ, Павлодарское ауылындағы қойманы тексеру кезінде құрамында спирті бар 185 бөтелке және құрамында спирті бар сұйықтық құйылған көлемі 100 литрлік 4 бөшке табылып, тәркіленді.

– Павлодар қаласының 62 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 282 (Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу) және 283-баптары бойынша әкімшілік іс өндірісі қозғалды. Алынған өнім бойынша сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, – деп нақтылады Мақсат Сапарғалиев.

Полицейлер сапасына ешкім кепілдік бермейтін құрамында спирті бар заңсыз өнімді пайдалану денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін, ал кәсіпкерлерге өз қызметін қолданыстағы заңнамалық нормалар шеңберінде қатаң түрде жүзеге асыруы қажеттігін ескертеді!

EL.KZ
Бөлісу: