Павлодардағы ұзақ өмір сүру орталығының ашылу рәсімі зейнеткерлердің скандинавиялық жүрісімен аталып өтті

14 Ақпан 2019, 04:54 2155

Павлодардағы Достық үйінде егде жастағы адамдардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұзақ өмір сүру орталығы ашылды.

«Нұр Отан» облыстық филиалы мен Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы бірлесе жүзеге асырған жоба шеңберінде орталықта IT технологиялар, салауатты өмір салтын сақтау,  тілдерді үйрету, «Ауыратын уақыт жоқ», «Шай ішейік» деп аталатын клубтардың тұсауы кесілді. 

Павлодар облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Сейсембай Жетпісбаевтың айтуынша, бұл орталықта зейнеткерлер мен ардагерлер жаттығу жасап, йогамен айналысады.

«Қазіргі таңда бұлшықетті дамытуға арналған спорттың жаңа түрі - скандинавиялық жүріс туралы көп айтылады. Бұл орталықтың жұмысы егде жастағы және еңбек демалысындағы адамдардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Оған кез келген адам келіп қатыса алады. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен спорт шеберлері көмек көрсетеді. Әр орталықта ақсақалдар алқасы жұмыс істейді. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасымен жасалған келісім негізінде аптаның әр бейсенбі күні «Шымыр» бассейнінде тегін жүзуге баруға болады. Ең бастысы, денсаулығына қатысты дәрігердің анықтамасын алу керек.  Қазіргі таңда 24 этномәдени бірлестіктің әрқайсысында 20 адамнан алғанда барлығы 500-ге жуық егде жастағы қария бар», – деді Сейсембай Жетпісбаев.

«Хор үйірмесі, музыкалық аспаптар, хореография сияқты кабинеттердің барлығы жеке-жеке бөлінген. Әр үйірменің жетекшісі бар. Өзім мұсылман әйелдері лигасының құрамында 25 жыл қоғамдық жұмыстарға қатыстым. Біз сияқты үлкен адамдарға көңіл бөліп жатқаны қуантады. Жас кезімнен ән саламын. Домбыра үйірмесіне қатысқым келеді», - дейді 77 жастағы Нұрапа Алпысбек.  

Бөлісу: