Павлодарда ұландықтар мас күйінде қару асынған азаматты ұстады

23 Қазан 2023, 04:10 677

Павлодарда ұландықтар мас күйінде қару асынған азаматты ұстады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Рavlodarnews.kz-тің мәліметінше, жеке мәліметтерін тексеру барысында ұсталғандар арасында бұрын істі болғандары анықталды.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 22:30 шамасында қалалық жедел бақылау орталығына Қамзин көшесі бойындағы үйлердің бірінде подъезд ішінде бейтаныс біреулер спирттік ішімдік ішіп, тұрғындардың мазасын алғаны туралы шағым түскен. Қала тыныштығын күзету барысында 5512 әскери бөлімінің сақшылары дереу мекенжайға барып, күдіктілдерді тәртіпке шақырады.

Алкогольдік ішімдікке масайған азаматтардың құжаттарын тексеру барысында 1987 жылғы азаматтың асынған қара сөмкесі күдікті көрінген. Ұландықтар бірден полиция қызметкерлері мен куәгерлерді шақырып, сөмкені тексеру кезінде "Байкал" тегіс ұңғылы қаруы жатқаны белгілі болды, - дейді баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.

Ұсталғандар қаруды не үшін алып жүргенін анықтау үшін Павлодардағы солтүстік полиция бөліміне жіберілген. Олардың жеке мәліметтерін тексеру барысында арасында бұрын істі болғандары бар болып шықты.

Берік Арманов
Бөлісу: