Павлодарда такси жүргізушісі жолаушыны ұмытып кеткен

10 Тамыз 2023, 21:13 817

Павлодар облысында такси жүргізушісі жолаушыны отырғызбастан жүріп кеткен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты полиция мәлімет ұсынды.

Павлодар қаласындағы Арғынбаев көшесі бойында болған оқиға даладағы видеокамераға түсіп қалған.

Егде жастағы әйел такси шақырған. Келген көліктің артқы есігін ашып, алдымен азық-түлік, әмиян, телефон салынған қол сөмкесін орындыққа қойып, есікті жапқан. Өзі көліктің екінші жағынан отырмақ болған. Алайда машинаның арғы бетіне айналып барамын дегенше, көлік оны тастап кетіп қалған.

Тұрғынның павлодарлық туыстары дереу полицияға қоңырау шалып, оқиға туралы хабарлады. Шақыруға келген учаскелік полиция инспекторы такси жүргізушісін анықтады. Жүргізуші түсіндіргендей, ол қала тұрғынының көлікке отырмағанын байқамаған және болған оқиға үшін кешірім сұрады. Сөмке қала тұрғынына қайтарылды, - делінген полиция мәліметінде.

Берік Арманов
Бөлісу: