Павлодар облысында қазақ киносының онкүндігі басталды. Бұл бастама еліміздің шалғай өңірлерінде отандық киноны насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты – көрерменді талантты режиссерлермен және олардың туындыларымен таныстырып, ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеу. Ұсынылатын фильмдер Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелеп, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін көрсету арқылы көрерменге рухани әсер береді.
Арнайы көрсетілімдер «Ertis Promenade» алаңында өтеді. Көрермен «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» сияқты фильмдер арқылы тарихи тұлғалардың өмір жолымен танысады. Ал «Боксер», «Паралимпиец», «Время патриотов» сынды киноленталар жігер мен мотивация береді. Іс-шара аясында басқа да мазмұнды фильмдер көпшілік назарына ұсынылады. Барлық фильм көрсетілімдері ақысыз негізде көрсетіледі.
Еске салсақ, бұған дейін мұндай көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында өтті.