17.01.2025
09:05
691
Павлодарда отбасылық жұп алаяқтарға көмектескен

Павлодарда отбасылық жұп алаяқтарға көмектескен

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері «телефон» алаяқтарына көмектескен отбасылық жұпты ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен жүргізілді.

Жалдамалы пәтерде әрқайсысында 8 слоты бар 5 sim-box құрылғысы анықталды. Онда қазақстандық ұялы байланыс операторларының sim-карталары орнатылған. Олардың көмегімен республика аумағында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылатын виртуалды абоненттік нөмірлер тіркелген. Сонымен қатар 4 роутер мен қазақстандық және шетелдік байланыс операторларының 53 sim-картасы тәркіленді. Ұсталғандар полицияға жеткізілді. Анықталғандай, олардың міндетіне апта сайын құрылғылардағы sim-карталарды ауыстыру кірген. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде, – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, интернет-алаяқтармен және олардың сыбайластарымен белсенді күресті жалғастырып келеді. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам нөмір бұғатталды. Олар арқылы 200 мың алаяқтық қоңырау шалынған.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері 28 интернет-алаяқты, sim-box станцияларының 3 «операторын» ұстап, 7 sim-box құрылғысы мен түрлі ұялы операторлардың 285 sim-картасын тәркіледі.