Павлодарда Ленин атындағы ауылдың атауы өзгерді

1 Мамыр 2023, 12:13 1384

Павлодар қаласына жақын орналасқан 10 мыңнан астам тұрғыны бар Ленин ауылының аты Атамекен болып өзгерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл аталған ауыл тұрғындарынан Павлодар қаласы әкімі мен облыс әкіміне Ленин атауын өзгерту туралы өтініш түскен көрінеді. Кейін жергілікті басылымдарда атауды өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтетіні туралы хабарлама жарияланған.

Жергілікті тұрғындармен талқылауға арналған жиындар өтті. Көпшілікті ақпараттандырып, арнайы топтар құрылды. Осыған қатысты ұсыныстар көп ұсыныс түсті. Жиырмаға жуық атау ұсынылды. Дегенмен жергілікті тұрғындармен өткен жиындарда 7 ұсыныс іріктелді. Оған Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына, Жетінші ауыл атаулары және атауды өзгертпеу нұсқасы кірді. Одан кейін бүгінгі қорытынды жиында екі атау: Қазанғап би және Атамекенді қарастыру туралы шешім қабылданды, - деді кент әкімі Маржан Алшымбаева.

Қоғамдық тыңдауға кент тұрғындары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, жақын ауылдардағы және басқа жақта тұратын ауыл тумалары, сонымен бірге, аталған елдімекенге мүлдем қатысы жоқ адамдар да келген. Жиналғандардың пікірі тыңдалып, шешімді жергілікті қоғамдастық мүшелері шығарды 

Дауыс беруге жергілікті қоғамдастықтың 50 мүшесі қатысып, 49 адам Атамекен атауына дауыс берді. Енді заңнама бойынша атауды өзгерту жұмысына 3-6 ай уақыт жұмсалмақ. Бүгінде Ленин атындағы ауыл халқы 10 мыңнан асса оның ішінде 20-дан астам ұлт және ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. 

Асқар Таудай
Бөлісу: