Павлодарда көктемдегі су тасқынына қатысқандар марапатталды

13 Қазан, 04:39 536

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде Талдықорған қаласындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімінде қызмет ететін 30 әскерді шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, облыстық мәслихат депутаты Болат Сүлейменов, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, павлодарлықтардың туған-туыстары қатысты.

Облыс әкімі Асаин Байханов жастарға арнаған сөзінде ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың және жастарды патриотизм рухында тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда жастарға  биыл елімізде жүз жылдығы аталып өтіп жатқан Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, бірінші қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жолы үлгі бола алады.

Өз кезегінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы майор Бекзат Оразов әскерге шақырылушыларға қызметтеріне сәттілік тіледі. Азаматтық борышын өтеп үлгергендер де назардан тыс қалмады.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек көрсеткені үшін майор Бекзат Оразов, запастағы қатардағы жауынгер Ислам Хусаиновқа Қорғаныс министрінің атынан қол сағат табыс етті. Тағы бір запастағы қатардағы жауынгер Сергей Пахандрин Астанада болғандықтан, оның сыйлығы анасына табысталды.

Әскерге шақырылушыларға арнап сөйлеген сөзінде запастағы қатардағы жауынгер Ислам Хусаинов жерлестеріне аға буынның ерлігін әрқашан есте сақтауды, қиындықтардан қорықпай, жаңа биіктерді батыл түрде бағындыруды тіледі.

Салтанатты шара облыстың шығармашылық ұжымдарының концертімен аяқталды.

Зарина Арман
Бөлісу: