Павлодар қаласында есірткі жасырған жастар бейнебақылау камераларына түсіп қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, заманауи технологиялардың көмегімен Жедел басқару орталығының (ЖБО) қызметкері сауда үйлерінің бірінің жанында күмәнді әрекет жасап жүрген жастарды байқап, олардың қозғалысын бақылауға алды. Күмән тудырған әрекеттер ЖБО қызметкерінің оқиға орнына жақын маңдағы автопатрульді жіберуіне себеп болды.
Бақылауды жалғастырған қызметкердің күдігі расталып, тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстауға кірісті. Полицияны көрген бойда ер адам қашуға тырысты, алайда тез арада қолға түсті. Ұсталғандардың жанынан изолентаға оралған, арнайы лентаға байланған 10 орам тәркіленді. Кейін сараптама нәтижесі бұл заттың салмағы 44 грамнан асатын гашиш есірткісі екенін анықтады, - делінген мәліметте.
Құқық қорғау органдары аталған дерек бойынша есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қылмыстық іс дер кезінде ашылып, күдіктілер бейнебақылау арқылы жылдам анықталды. Бұл – полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысының нәтижесі, – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Ведомство азаматтарды қырағылық танытып, күдікті әрекеттер туралы «102» телефонына немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады.