Павлодарда «Қазақтану» жобасы аясында үшкүндік республикалық лекторий өтуде

6 Қыркүйек 2019, 16:46 2674

Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасы аясында республикалық лекторий өтуде.   

 

Оған ҚР мемлекеттік қайраткерлері, ғалымдар, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қоғамдық Келісім және Аналар кеңесінің мүшелері, ғылыми-сарапшылық тобы және кафедралары, құқыққорғау органдарының қызметкерлері мен ҚХА Жастар қанаты қатысуда.

Пленарлық отырыста алғашқы болып сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов өңірдегі Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқанын жұмысына тоқталды.

«Павлодар облысында 113 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. 300-ден астам өнер ұжымдары, үйірмелер мен клубтар өз жұмыстарын жүзеге асыруда. Облыстық Ассамблеяда медиация орталығы нәтижелі қызмет етуде. Ол орталық 2018 жылы республика бойынша үздік деп танылды. Сондай-ақ ақсақалдар алқасы мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы бар. Жыл сайын Қазақстан халқы ассамблеясы облыста 500-ден астам шара өткізіп, оған 200 мыңнан астам адам қатысады. Соның арқасында халықтар бірлігін сақтау үшін үлес қосуда», – деді А. Оралов.    


ҚР ҚХА төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов «Қазақтану» жобасы өзге ұлттарға қазақ ұлтының болмысын танытып, мемлекеттік тілді меңгертуді көздейтінін атап өтті.

«Елбасымыз Ассамблеяның 26-сессиясында бұл жобаны жүзеге асыруға тапсырма берген болатын. Мақсатымыз – қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін үйрету. Оған қоса, еліміздегі барлық ұлттың арасында бірлікті сақтау. Қазақ халқының болмысын ортаға сала отырып, өзгелерге насихаттау. Қазақ тілінің жалпыға ортақ қолданылуын қалыптастыру.

Жоба барысында әр түрлі саладағы ғұламаларды, елге танымал тұлғаларды, қоғамдағы белсенді азаматтарды шақырамыз. Олар лекторийде өз тәжірибелерімен бөліседі. Лекторий басында салт-дәстүрлердің көрінісін ұсынамыз. Жалпы, жоба қорытындысында өзге ұлттар да қазақ тілін меңгереді, қазақ ұлтының болмысымен танысады деген нәтиже күтеміз. Ортақ тіліміз – қазақ тілі болады деген ойдамын», деді Ш. Пулатов.


Оның ойынша, «Қазақтану» жобасының идеясы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Сондай-ақ бұл жоба Қазақстан жерін мекен еткен этностардың арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталды.


«Қойнауы қазыналы, жұрты қашаннан салтқа берік, дәстүрге бай өлкеміз, тарихымызда өшпес із қалдырған ғылым мен білім саласының айтулы тұлғалары, өнер мен еңбек тарландары топырағында аунап өскен Ертіс өңірінде ел бірлігі мен татулығы басты құндылықтардың бірі болған. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының  бастамасы сәтті болатынына сенімдімін.   

Біз Павлодар облыстық ассамблеясының бастамасымен жүргізіліп жатқан жақсы істерден хабардармыз. Қазақ тілін, мәдениетін насихаттауға басым мән беріле отырып, өңірді мекен еткен этностардың фестивальдары жиі өткізіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде өз басының үлгісімен елдегі тату тірліктің, рухани бірліктің көрнекі мысалындай біршама тұлғалар өсіп-өніп шықты. 

Басқа облыстардың ішінде Павлодар ассамблеясының қолдауымен «Қоғамдық келісім» мекемесі бірінші болып «Достық шаңырағында» атты апталық газет шығарып, ол этножурналистердің «Шаңырақ» шығармашылық конкурсында республикаға үлгі етілді», – деді спикер.


Сонымен қатар Ш. Пулатов Қазақстан  Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жасаған «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты  Жолдауына да тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауында бірқатар маңызды бағыттарға баса мән берілгеніне барша қазақстандықтар назар аударды. Олар: заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлерді қалыптастыру.

Бұл Жолдау бұрын қабылданған стратегиялық құжаттарды іске асыруға, сондай-ақ жаңа әлемде табысты бейімделуге, дамудың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталғанын білдіреді.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда өзінің сайлауалды тұғырнамасында көрсеткен бастамалар мен ұсыныстардың көрініс тапқанын атап өтті. 


2 қыркүйекте Президенттің сөйлеген сөзі барлық телеарналар бойынша көрсетілгенін, сондай-ақ Жолдаудың мәтіні газеттерде басып шығарылғанын ескере отырып, мен сіздердің әрқайсыңыздың осы құжаттың мазмұнымен таныс екендеріңізге күмәнім жоқ. Сонымен қатар мен сіздер Президенттің Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды іске асыруға белсенді ат салысатындар қатарында болатындықтарыңызға сенімдімін. 

Президент Жолдауы осызаманғы трендтерге негізделген нақты іс-қимыл бағдарламасы екенін атап өткім келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында халықты толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап беріліп, елдің даму басымдықтары белгіленді. Бұл қатты маңызды.

Бұл ретте барлық басымдықтарды іске асырудың негізін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім құрайды, олар әрдайым біздің басты құндылығымыз болып қала бермек.

Президент атап өткендей, бірлікті одан әрі нығайту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет. Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін нығайта отырып, біз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауға міндеттіміз. «Ұлт бірлігі-оның әралуандығында» қағидаты осы мәселедегі біздің бағдар.

Сондықтан мен Президент Жолдауы Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі мемлекет пен қоғам жұмысының жаңа алгоритмін әзірлеу үшін негіз болатынына кәміл сенімін», деп атап өтті Ш. Пулатов.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде біріктіруші жалпыұлттық тарихи сананы дамыту мен нығайтуға бағытталған «Қазақтану» жобасын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған Ш. Пулатов ұлтты біріктіруші құрал екеніне баса назар аударды.

«Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің дәстүріміз, ұлттық-мәдени тамырымыз, тарихтың іргетасы болуы тиіс.

Бұл – халықтың өткен, қазіргі және болашақ көкжиегін айқындайтын, ұлттық сананың әр түрлі полюстерін біріктіретін платформа.

Сондықтан Ассамблея өзінің рухы мен мазмұны жағынан рухани жаңғырту идеясына сәйкес келетін ауқымды «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына бастама жасады. Жоба қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, қазақ халқының құндылықтарын насихаттауға бағытталған.  


Жобаның арқасында қазақстандықтар тарихқа терең бойлап, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрімен етене жақын танысуға мүмкіндік алып отыр.  

Мысалы, өткен жылы Петропавл қаласының Достық үйінде «Асыл мұра», «Халық мұрасы», «Ас дәмді болсын!, «Ұлттық ойындармен танысайық!» жобалары іске асырылды», деп сөзін қорытты Ш. Пулатов.  

Жобаларды іске асыру бойынша әдістемелік ұсынымдар, республикалық және облыстық іс-шаралар жоспарлары әзірленді (іске асыру мерзімі: 2018 жылдың шілдесі мен 2019 жылдың желтоқсан аралығы), лекторлардың тізімі қалыптастырылды. 


«Qazaqtany» жобасын жүзеге асыру бойынша республикалық лекторий бағдарламасы да әзірленді.

Дәріс кестесіне сәйкес лекторий сабақтары Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Атырау және Түркістан облыстарында өткізілді. Жобада жұмыс істеу үшін жоғарыда аталған өңірлерге біздің шығармашыл зиялы қауымның белгілі өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері барып қайтты.  


Лекторий жұмысын пайдаланған ҚХА Төрағасының орынбасары Ш. Пулатов Ассамблея алдында тұрған кейбір өзекті бағыттар мен міндеттерге тоқталып өтті.

Ассамблеяның XXVIІ сессиясының қорытындысы бойынша тапсырмаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар жанданып, Үкімет жанындағы қайырымдылықты дамыту жөніндегі кеңеспен бірлесіп жүргізетін іс-шараларға ерекше мән берілетінін жеткізді.  

ҚХА қамқорлығымен жыл сайын «Қайырымдылық керуені» әлеуметтік форумы аясында қайырымдылық ұйымдары мен донорлардың республикалық съезі өтеді. ҚХА Павлодар облыстық хатшылығы қайырымдылық жұмыстарын одан әрі жалғастырып, осы форумға қатысу үшін меценаттарды ұсыну қажетілігін атап өтті. 


Сондай-ақ, бізге ҚХА жанындағы кәсіпкерлер қауымдастығының жұмысына, жергілікті жерлерде белсенді азаматтар мен меценаттардың жаңа әлеуметтік бастауларын анықтауға, қолдауға ерекше назар аудару қажеттігіне ерекше мән берді.

Жастар жылы аясында барлық өңірлерде «Жаңғыру жолый ҚХА жастар қозғалысының өңірлік Штабтары құрылып, облыстық Ассамблея ҚХА жастар бірлестігіне жастардың стартаптары мен бизнес-жобаларын барынша қолдауға шақырды.   


Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысындағы ҚХА елдегі ең белсенділердің бірі саналады.  Қазақстан Республикасының Ассамблея туралы Заңында көзделген барлық қоғамдық құрылымдар облыс аумағында толығымен жұмыс істейді. Бұл – 140 Қоғамдық келісім кеңесі. Өңірде 33 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Облыс пен қалалардан басқа Аналар кеңесі 10 ауданда құрылған және 21 кеңес этномәдени бірлестіктер жанында жұмыс істейді.

«Келесі айда Арқалық қаласында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы жоспарланып отыр. Бұл жиында павлодарлықтар еліміздің басқа аймақтарындағы әріптестерімен үздік тәжірибелерімен молынан бөліседі деген зор сенім бар.  

  

Облыста 34 медиация кабинеті, «Ақсақалдар алқасы» ақсақалдар кеңесі; әкелер кеңесі; ғылыми-сараптамалық топ, үш жоғарғы оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы, журналистер клубы, 17 бөлімшесі бар ұлттық жаңғыру мектебі, облыстың қалалары мен аудандарда 12 өкілдігі бар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы жұмыс істейді. Бұл-үлкен күш.  

Президенттің Жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейтіліп, ұлтаралық қатынас тіліне айналуына уақыт келеді деген ой айтылды. Ал бұл үшін барлығымыз жұмыс істеуіміз керек.  

ҚХА құрылымдарына мемлекеттік тілді үйрену бойынша жұмысты жандандыру қажет деп есептеймін.  

Облыста ұлттық жаңғыру мектебі - Қазақстан Республикасы халқының ана тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін үйрену үшін жағдай жасауға бағытталған қосымша білім беретін оқу орны өзін жақсы көрсете білді. Мектепте өз этносының тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері, хореографиясы және фольклоры оқытылатын 18 бөлімше жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл курстарға келушілер мемлекеттік тілді табысты меңгеруде» деп сөзін қорытты Ш. Пулатов.    

Айта кетейік, сөз соңында Ш. Пулатов Ертіс өңіріндегі «Qazaqtany» жобасы аясындағы республикалық лекторий тың бастамаларға жаңа серпін беретініне сенім, жобаның барлық ұйымдастырушылары мен қатысушыларына алғыс білдірді.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова
Бөлісу: