Павлодар тұрғыны алаяқтарға 40 миллион теңгесін аударып жіберген

15 Қараша, 04:29 336

Павлодар облысының тұрғыны бір ай ішінде алаяқтарға 40 миллион теңгесін аударып жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Сұлтан Қадіржанов мәлімдеді. Қазіргі уақытта Павлодар облысында ең жиі кездесетін алаяқтық схемаларының бірі – азаматтарды өз деректерін немесе түрлі мобильді қосымшалардағы жеке кабинеттеріне қолжетімділікті беру арқылы алдау. Өкінішке қарай, адамдар оңай және жылдам пайда табу уәдесіне жиі алданып қалады. Осындай әдіспен өңірдің егде жастағы тұрғыны алаяқтарға 40 миллион теңгесін жоғалтты.

Әйел әлеуметтік желіде жарнамаланған “Kaspi Profit” атты жалған инвестициялық платформаның сілтемесіне өтті. Немерелерінің болашағын қамтамасыз етуді көздеген ол сауалнамалық мәліметтерін қалдырды. Кейін оған белгісіз тұлғалар қоңырау шалып, капиталын арттыруды ұсынып, оған аз ғана пайыз төлеу керектігін айтты. Нәтижесінде, әйел барлық жинақтарын беріп қана қоймай, қарызға ақша алып, несие рәсімдеді. Бір ай ішінде ол алаяқтарға жалпы 40 миллион теңге аударды, – деді Қадіржанов.

Бүгінде қаскүнемдердің қолды қылған қаржысының көп бөлігі шетелге жөнелтілетіні белгілі болды. Алдымен бұл ақша дропперлердің көмегімен алынған, олар өз банктік деректерін зиянкестерге саналы немесе білместен берген. Кейін бұл қаржы криптовалютаға айналдырылып, із-түзсіз жоғалады.

Тәртіп сақшылары Павлодар облысының тұрғындарын жеке деректерін ешкімге бермеуге, SMS-хабарламалар түрінде келетін тексеру кодтарын бөгде адамдарға айтпауға, белгісіз сілтемелерге өтпеуге және күмәнді қосымшаларды орнатпауға шақырады.

Зарина Арман
Бөлісу: