Павлодар облысының шалғай ауылында жаңа мектеп ашылды

5 Қараша 2023, 19:01 877

Облыс орталығынан 250 шақырым қашықтықтағы Баянауыл ауданы, Қаражар ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл нысан 1958 жылы салынған ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Білім шаңырағының ашылу салтанатына Ғани Бейсембаев қатысты.

Оқу-ағарту министрі білім беру ұйымдарында инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Мемлекет білім сапасын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Қараша айының басына дейін еліміз бойынша 83 мың оқушы орнына арналған 85 мектеп ашылды. Жалпы жыл соңына дейін 132 мың оқушы орнына арналған 154 мектеп пайдалануға жоспарлануда. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін, сондай-ақ, 113 елді мекендегі оқушы орны тапшылығын шешуге ықпал етеді. Соның бірі – ERG компаниясының жеке инвестициясын тарту арқылы салынған Қаражар ауылындағы білім ошағы. Мектеп тапшылығы мәселесін шешуге бизнес өкілдері де атсалысып жатқаны қуантады», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Биыл Павлодар облысында барлығы 4 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Олардың біреуінің құрылысы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жүзеге асырылуда.

Жалпы еліміздегі ескірген білім ошақтарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту мақсатында 900 ауыл мектебі жаңғыртудан өткізілді. Оның ішінде Павлодар облысындағы 54 мектеп бар. Жаңғыртылған мектептерге 958 заманауи пән кабинеттері сатып алынып, орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Перизат Саденова
Бөлісу: