Павлодар облысының әлеуметтік, экономикалық, экологиялық күйі қандай?

17 Наурыз 2023, 11:00 2773

Былтыр осы облысқа қарасты Екібастұз қаласында тозығы жеткен жылу желілері бірнеше мәрте жарылып, қақаған қыстың ортасында тұрғындар апта бойы жылусыз отырған еді. Осы орайда El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әкімдіктен Екібастұзды жылумен қамту мәселесі қалай шешілгенін, құбырлардың қанша пайызы жаңартылғанын анықтап көрді. 

Әкімдік берген мәліметіне сүйенсек, күрделі жөндеу тек күзге жоспарланған көрінеді.  Ал әзірше, құбырларды тек жамап-жапсырып қойған екен.

Екібастұзда жылу беру параметрлері тұрақты. 5 қазандық жұмыс істеп тұр, тікелей жылу беру температурасы 65 градус және судың келгендегі температурасы 45 градус. 2022 жылы желтоқсан айынан бастап қазіргі дейін 33,9 км құбыр жаңартылды, бұл Екібастұз қаласының жылу желілерінің жалпы ұзындығының 8 пайызы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін ауқымды жөндеу науқаны жоспарланған. 5,6 км магистральдық жылу желілерін (ЖМ 5, ЖМ 8, ЖМ 12, ЖМ 15) қайта жаңартылады. Сондай-ақ станцияның 8 қазандық агрегаты мен басқа да қосалқы жабдығына күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар биыл 1 қазанға дейін аяқталады деп күтіледі, - деп жауап берді Павлодар облысының әкімдігі.

Павлодар облысындағы тағы да бір күрделі мәселенің бірі  – өңірдің экологиялық жағдайы. Өңірде энергетика, қара және түсті металлургия, тау-кен өндіру, мұнай, химия өнеркәсібінің шоғырлануына байланысты туындап отыр. Мәселен, өндіріс қалдықтарының 48 пайызы Екібастұзда, 24 пайызы Ақсуда, 26 пайызы  Павлодарда шығарылады. Облыс еліміздегі экологиялық жағдайы ушыққан өңір есебінде. Жылына 550 мың тоннадан астам өндіріс қалдығы шығарылады. Бұл қоршаған ортаға зиянын тигізіп отыр. Соңғы бес жылда Екібастұздың ластану деңгейі артқан. Осы орайда біз әкімдіктен осы жағынан экологиялық зардапты азайту мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрадық.

Бүгінгі таңда кәсіпорындардың алдында шығарындылар мен көміртегі іздерін айтарлықтай төмендететін неғұрлым қолайлы, қолжетімді және тиімді технологияларды таңдау арқылы кешенді экологиялық рұқсаттарға кезең-кезеңімен көшу міндеті тұр. 2025 жылдан бастап ең озық қолжетімді техникаларды енгізе отырып, кешенді экологиялық рұқсаттарға бірінші болып көшуі тиіс ірі 50 компанияның қатарына облыстың 10 кәсіпорыны кірді. Оның ішінде Еуразиялық топтың 4 кәсіпорны 2021 жылы кешенді рұқсаттар алған болатын. Олар қабылдаған Экологиялық стратегия 10 жыл ішінде қатты заттардың шығарындыларын біртіндеп 50 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді. Техногендік жүктемені азайту үшін орман қорында, қалалық және өнеркәсіптік аймақтарда көгалдандыру алқаптары ұлғайтылып жатыр. Мәселен, былтырдан бері ERG тобына кіретін кәсіпорындарды жасылдандыру бағдарламасы қолға алынып, 4 жыл ішінде 250 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Мемлекеттік орман қорында 2022 жылы 3218,7 гектар алқапқа 16,8 млн дана қарағай көшеті отырғызылды. 2023 жылға арналған көгалдандыру жоспары 4118 гектар жерге 22,1 миллион дана. Елді мекендерде отырғызу көлемі 1,5 есеге – жылына орта есеппен 60 мың ағашқа ұлғайтылды. 2022 жылы 62,1 мың ағаш отырғызылды, Павлодар  қаласында 20,0 мың, Екібастұз қаласында 1,5 мың, Ақсу қаласында 6,0 мың, аудандарда 34,6 мың ағаш, 2023 жылға жоспар – 61,4 мың ағаш (Павлодар қаласында 23,0 мың, Екібастұз қаласында 0,8 мың, Ақсу қаласында 2,4 мың, аудандарда 35,2 мың ағаш,- деді Павлодар облысының әкімдігі.

Өңірде үш ауысымды, құлағалы тұрған мектептер мәселесі бар. 

Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 6932 оқушы орнының жетіспеушілігіне байланысты 3 мектептің оқушылары үш ауысыммен оқып жатыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының шеңберінде 2023-2025 жылдары үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының жетіспеушілігін жою үшін 6000 орындық 7 мектеп салынады.  4 мектептің құрылысы - 2023-2024 жылдарға, 3 мектептің құрылысы - 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Өңірдегі 3 ауылда құлағалы тұрған үш мектеп бар. Олар – Железин ауданы Моисеевка ауылындағы «Моисеевка НЖББМ» КММ, Павлодар ауданы Сычевка ауылындағы «Сычевка НЖББМ» КММ, Баянауыл ауданы Қаражар ауылындағы «Қаражар НЖББМ» КММ. Бұл мәселені шешу үшін жаңа мектептер салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда, - деді Павлодар облысының әкімдігі.

Сондай-ақ білім беру саласындағы түйткілді мәселе оқушылар ыстық тамақпен қамту, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту.

2022-2023 оқу жылында облыста 114,0 мың оқушы білім алатын 356 мемлекеттік, 4 жеке меншік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.Барлық мектептерде оқушылар 100% ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Павлодар облысында 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді (158 балабақша, 223 шағын орталық). Оның ішінде: мемлекеттік - 368, жеке меншік - 13. Облыс бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту - 100 пайыз,- деп жауап берді әкімдік.

Павлодар облысында 24 ауылдық елді мекенде жол мәселесі әлі де шешілмеген. Ауыл, аудандардың барлығында жол мәселесі толық шешілмеген. Павлолдар облысы аумағындағы елдімекендерді жолмен қаматамасыз ету қалай шешілмек? 

Облыстың елді мекендеріндегі көшелердің жалпы ұзындығы 2858,4 км, соның ішінде бүгінгі күні асфальт-бетон төсемді облыс көшелерінің үлесі 43%-ды құрайды. Облыс бойынша жыл сайын 100 км кентішілік жолдар жөндеумен қамтылады, осылайша ағымдағы жылы 24 ауылдық елді мекеннің 116 км-іне жөндеу жоспарлануда, - делінген әкімдік ақпаратында.

Өңір ауыл шаруашылығы өнімдерімен облыс жұртшылығын толық қамтамасыз етіп отыр ма?

«Павлодар облысы күріш, қант, тұз сияқты дәстүрлі түрде әкелінгендерді қоспағанда, жергілікті өндірілген әлеуметтік маңызы бар тағамдармен қамтамасыз етілген.

Мысалы, картоппен қамтамасыз ету 9 есе (жалпы алым - 672,9 мың тонна, қажеттілік - 74,7 мың тонна);

-           сәбізде - 9,9 есе (жалпы алым – 170,8 мың тонна, қажеттілік-17,2 мың тонна);

-           қарақұмық жармасында - 3,5 есе; (өндірілген-19,4 мың тонна, қажеттілік -5,5 мың тонна)»,- деп жауап берді Павлодар облысының әкімдігі.

Өңірдің алыс аймақтардағы 17,5% ауылда ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Ауыз су проблемасын шешу мақсатында қандай істер атқарылып жатыр?

Өңірде барлығы 352 ауылдық елді мекендерден 294 ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл 83,5%-ды құрайды. Қалғандары 58 ауыл бар, олар орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алмайды. Ағымдағы жылы сумен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңарту бойынша 37 жобаны іске асыру қолдау тапты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған жобаларды іске асыру ауыл халқының сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткішін 97,7%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз ету үшін 3 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарлануда, - деп жауап берді.

Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,8. Жұмыссыздар санын азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

2023 жылдың басында Павлодар облысының жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітілді, олардың шеңберінде азаматтарды жұмысқа орналастыру жоспарлары белгіленді. Ағымдағы жылы 25,2 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру арқылы – 7,9 мың адамды, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындары бар (6,9 мың), Мемлекет басшысының "10 мың халық үшін 100 жұмыс орны" бастамасы шеңберінде – 7,4 мың адамды, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына – 10,0 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмыс орындарына 4669 азамат (15,5%) жұмысқа орналастырылды, оның ішінде Ұлттық жобалар шеңберінде – 2643 адам, Мемлекет басшысының "10 мың халыққа арналған 100 жұмыс орны" бастамасы шеңберінде – 612 адам, бос жұмыс орындарына – 1414 адам орналастырылды. Жұмыспен қамтудың барлық көрсеткіштері зейнетақы аударымдары және электрондық еңбек шарттары бойынша тексеріледі,- деп жауап берді әкімдік.

Павлодар облысында жеке кәсіп, кәсіпкерлік саласында өсім байқалады. Мәселен, сауда саласының экономикалық өсім қарқыны 104,0. Әкімдік кәсіпкерлікті өркендетуге қолайлы жағдай жасап жатыр ма?

Өңірлік бизнестің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету жөніндегі, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру есебінен құралдардың барлық спектрі пайдаланылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілері санының өсуі байқалады, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің өсімі 5,4 мың бірлікке немесе 11,5% өсті. 2022 жылы – 52,1 мың бірлік, 2021 жылы – 46,7 мың бірлік. Сондай-ақ ШОБ субъектілерінің өнім шығару көрсеткіштері 28,1%-ға (2022 жылғы 3 тоқсан – 934,3 млрд.теңге, 2021 жылғы 3 тоқсан – 729,6 млрд. теңге) және ШОБ-тың жалпы қосылған құны 18,1%-ға ұлғайып, 2022 жылғы 3 тоқсан – 465,0 млрд. теңге, 2021 жылғы 3 тоқсан – 367,4 млрд. теңге болды. Негізгі көрсеткіштерді арттыру Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, бизнесті қолдаудың қаржы құралдарына: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кредиттер бойынша кепілдік беру, өндірістік инфрақұрылымды жүргізу, гранттар беру 2022 жылы 12,7 млрд теңге бөлінді және облыс кәсіпкерлерінің 1 978 жобасына қолдау көрсетілді. Сонымен қатар Жұмыспен қамту Жол картасының екінші бағыты аясында «Бастау бизнес» жобасының түлектері үшін жалпы сомасы 637,6 млн.теңгеге 132 шағын несие берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін «Бизнеске арналған үкімет» жұмыс істейді, онда 2022 жылы фронт-офиспен 2000-нан астам кәсіпкерге кеңес беріліп, 7 578 қызмет көрсетілді,  - деді Павлодар облысының әкімдігі.

Павлодар облысында дәрігер мамандар тапшы. Мәселен, кардиолог, офтальмологқа сұраныс көп. 

Павлодар облысының мемлекеттік денсаулық сақтау саласында 7581 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 2091 дәрігер және 5490 орта медицина қызметкері. 2023 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша 163 дәрігер қажет. Оның ішінде 147 "салалық дәрігерлер" орны бос. Кадр тапшылығын төмендету үшін жергілікті бюджет қаражатынан "салалық маманданған дәрігерлер" бойынша резидентурада оқу үшін гранттар беріледі. 2022 жылы жергілікті бюджет қаражатынан медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқу үшін 59 білім беру гранты бөлінді. 2023 жылға жергілікті бюджет қаражатынан 50 грант жоспарланған,- деп жауап берді әкімдік.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: