Павлодар облысында тойға барғандар жаппай уланып қалды

16 Сәуір, 09:30 2941

Екібастұз қаласында тойдан кейін отыз адам уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде пайда болған ақпаратқа сүйенсек,13 сәуірде болған қыз ұзатудан кейін келген қонақтар өздерін жайсыз сезінген.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы  14 сәуірден бастап Екібастұз қалалық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне тамақтан улану және бактериялық инфекция белгілері бар науқастар келгенін растады.

Оларда құсу, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі диагноздары бар. Эпидемиологиялық тексеру кезінде олардың барлығы 13 сәуірде қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен іс-шараға қатысқаны белгілі болды, –  деді басқарма өкілі.

14-15 сәуір аралығында ауруханаға 32 адам түсті, олардың төртеуі ауруханаға жатудан бас тартты, қалғандарының жағдайы орташа ауыр деп бағаланып жатыр.

Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарлауынша, санитарлық дәрігерлер қазірдің өзінде адамдар уланған мейрамхананы тексеруге кіріскен.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: