Заңсыз қызметі үшін 5 күдікті ұсталды. Павлодар облысы Полиция департаментінің жедел қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын қауіпті электрондық темекі, темекі қоспалары мен сұйықтықтарды таратудың заңсыз арнасын анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, қойма ретінде жабдықталған жертөледе жедел қызметкерлер жүздеген мың электронды темекі құрылғысын, 1 миллион теңгеден астам ақша қаражатын, бухгалтерлік құжаттаманы, жазбалар және дәлелді маңызы бар басқа заттарды тапты. Заңсыз қызметі үшін 5 азамат ұсталды, олар топта әрекет ете отырып, интернет-ресурстар арқылы Павлодар аумағында электрондық темекі мен құрамында никотин бар өнімдерді өткізуді ұйымдастырды.
Темекіге жатпайтын темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Полиция 2024 жылғы 20 маусымда Қазақстанда вейптерді, сондай-ақ оларға сұйықтықтарды тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына тыйым салатын заң күшіне енгенін еске салады.