Павлодар облысында ірі металлургиялық кластер құрылады

7 Қазан 2022, 16:44 2094

Екібастұз қаласының индустриялық аймағында металлургиялық кластерді дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

Елімізде алғаш рет бір алаңда ферроқорытпа өндіретін кәсіпорын, болат балқытатын кешен және темір шығаратын DRI фабрикасы сияқты 3 жоғары технологиялық нысан салынады, деп хабарлайды El.kz ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Металлургиялық кластер аймақтың ғана емес, сонымен қатар еліміздің дамуына да тың серпін бермек.

Металлургиялық кластер құру жобасын отандық «Mineral Product» ЖШС оңтүстіккореялық технологиялық серіктесімен бірлесіп жүзеге асыруда.

Ауқымды жобаны іске асыру туралы уағдаластыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы тамыз айында Корея Республикасына жасаған сапары аясында қол жеткізілген болатын. Оның нәтижесінде «Mineral Product» ЖШС мен оңтүстіккореялық SAC Co инжинирингтік компаниясы ферроқорытпа өндіретін зауыт құрылысын салу туралы өзара Келісімге қол қойды.

Жобаны таныстыру барысында болашақ ферроқорытпа шығаратын кәсіпорынның іргетасына капсула салынды. Сондай-ақ металлургиялық кластерлік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы Hyundai Rotem және POSCO International компаниялары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жылына қуаттылығы 160 мың тонна өнім шығаратын ферроқорытпа өндіретін зауыттың құрылысы мен оны іске қосуға 360 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Жобаның технологиялық артықшылығы – кең көлемдегі және премиум сегментті ферроқорытпа өнімдерін шығаруы. Зауыт өнімі алғашында экспортқа бағытталсмақ. Кейіннен барып ішкі нарықты қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Ал болат қорытатын кешен және DRI фаврикасының құрылысы мен оларды іске қосуға 1,5 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда жылына 3 млн тонна кең көлемдегі болат өнімдерін шығару жоспарланып отыр.

 «Қазақстанның ішкі нарығында металлургиялық өнімдерге деген жоғары сұраныс, елдегі металлургиялық саланы дамытудың мол мүмкіндігі және мемлекет тарапынан инвесторларға жасалатын қолдау мен инвестициялық ахуалдың оң болуы арқасында аталған жобаны іске асыруға мүдделіміз. Павлодар облысында қажетті шикізат пен ресурстар қоры жеткілікті. Атап айтқанда, өңірде электр энергиясы, темір рудасы, кварцит, көмір қоры жеткілікті. Сонымен қатар бұл тарапта білікті мамандар да айрықша рөл атқарады. Біздің кәсіпорындарда қазақстандық мамандардың жұмыс істеуіне басымдық беріп отырмыз. Бұған себеп те жоқ емес. Қазақстандағы металлургиялық салада білімді, тәжірибелі кадрлар жеткілікті», – дейді компанияның акционері Сергей Кан.

Көміртекті бейтараптық Тұжырымдамасы аясында қол жеткізілген Париж келісіміндегі міндеттемелерді іске асыру шеңберінде металлургиялық кластер саласында өнім өндіруде әлемдік үздік технологиялар қолданылмақ. Бұл шешім жобаның тиімділігін арттырады. Бұдан бөлек, заманауи технологиялардың қоршаған ортаға тигізетін әсері төмен болмақ.

Осы ретте айта кетерлігі, өңірдің өндірістік қуаттылығын зерделеуге және СО2 утилизациялық технологиясын қолданудың тетіктерін сараптау бойынша жобаға Қазақстан мұнай және газ институты мен Schlumberger компаниясы тартылып отыр.

Кластер құрамындағы үш кәсіпорын толық іске қосылған кезде 2 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 826-сы ферроқорытпа өндіретін кәсіпорында құрылмақ.

Бөлісу: