Павлодар облысында анасын балағаттаған ер адам қамауға алынды

31 Наурыз 2023, 16:44 881

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 08.30-да Шарбақты ауданы  Шегірен ауылында 53 жастағы ер адам мас күйінде 73 жастағы анасымен жанжалдасқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

– Азаматтық некеде тұратын ерлі-зайыптылар балағат сөздер айтып, анасының тыныштығын бұзған. Ұлының қорлауына төтеп бере алмаған анасы жанжалды шешу үшін полиция шақырған. Оқиға орнына келген  учаскелік полиция инспекторы зейнеткердің қауіпсіздігі мақсатында бұған дейін 2023 жылдың 19 ақпанында  ұлының атына 30 тәулік мерзімге қорғаныс ұйғарымы шығарылғанын анықтады, – деді  Шарбақты ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрғали Омарбеков. 

Бірақ осындай жағдай тағы да қайталанған. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы іс-қимылдар жасауына байланысты ұлы мен бірге тұратын әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі және 461-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды.

Сот шешімі бойынша  жанжал шығарғандар екі тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

EL.KZ
Бөлісу: