Павлодар облысынан Ресей аумағына көшкен орман өртіне кінәлі адам анықталды

12 Мамыр 2023, 19:08 1033

Ол адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

13 сәуір күні сағат 12:50-де «101» пультіне «Ертіс орманы» резерватында өрт болып жатқаны туралы хабар түсіп, кейіннен қызыл жалын Ресей Федерациясының аумағына көшкен болатын. 

Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Шаймарденов ұсталған адамды жауапқа тарту үшін іс сотқа жіберілгенін айтты.

- Құрғақ шөп пен қарағай жанды. Өрт шамамен 200 гектар аумақты қамтыды. Біз кінәлі адамды анықтадық. Қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материал полицияға жіберілді. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, - деді Қайрат Шаймарденов.

Қайрат Шаймарденовтің сөзіне қарағанда, өрт шыққан кезде Аққулы ауданы ТЖ бөлімі қызметкерлері жылдам оқиға орнына барған. Өрттің шыққан алғашқы ошағын анықтау арқылы кінәлі адамды тапқан. 

- Сонда жүрген адам сөндірілмеген темекі тұқылын тастаған. Содан от шыққан. Оған қоса ол адамның сол жерде жүргенін нақтылаған куәгерлер де бар. Қызметкерлер ол адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оқиға орнында өрттің темекі тұқылынан болғаны анық көрінеді, - деді Қайрат Шаймарденов.

EL.KZ
Бөлісу: