Павлодар облысына Монғолиядан делегация келді

11 Тамыз 2018, 05:58 1734

 «Ұлы Дала» мерекесі аясында Павлодар облысына жол жүріп келген Монғолия делегациясы Достық үйіне келді. Келген қонақтарға экскурсия ұйымдастырылып, Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-мен және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қызметімен жақын таныстырылды. Делегация құрамында Ұланбатыр қаласынан келген — Монғолия Республикасына Еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, Баянөлгей аймағының құрметті азаматы Хайсанай Хавдразақұлы және ұлттық колөнер шебері-кәсіпкер Гүлнар Оралханқызы, Өлгей қаласынан келген Монғолия мемлекеті бокс федерациясының халықаралық жаттықтырушысы, спорт шебері Қайнар Қайсанайұлы, сондай-ақ Қобда қаласынан келген, Қобда мемлекеттік университетінің мұғалімі Айкүміс Бекболатқызы болды.

Экскурсия барысында қонақтар этномәдени бірлестіктер кеңселеріне, Қ. Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебіне, сондай-ақ Достық үйінің ұлттық-мәдени қазынасы — мұражайға кіріп шықты. Мұражайда орналасқан ұлттық аспаптар, қолданбалы өнер, халық тұрмысының заттары қонақтардың ерекше көңілінен шықты. Экскурсия соңында қонақжай жылы қарсы алғаны үшін ризашылықтарын білдіріп, жұмысымызға табыс тілеп, ары-қарай өркендей беруіне тілектес болды.

Бөлісу: