Патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы мен хоббиі

23 Маусым 2022, 12:13 5647

23 маусым - Қазақстан полициясы күні

Патрульдік полиция қызметкерлері – өзгелер үшін өз өмірін қатерге тігетін, тек батыл жандарға тән қызмет иелері. Дегенмен бұл сала қызметкерлерінің өмірінде отан алдындағы борышы және халыққа қызмет етуімен қатар, жеке қызығушылықтары да жетерлік. Қызметтен тыс өмірлері жайлы полиция капитандары Қуат Әлиев, Айдарбек Қалмұрзаев және Асылхан Жүзбаевтар El.kz авторына сұқбат берген еді.

Қуат Әлиев, полиция капитаны, Нұр-Сұлтан қ. ПД ПП полкі 2 рота 3 взводының командирі

«Мектеп қабырғасында өте белсенді болдым, футбол, воллейбол, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен жарыстаға белсенді түрде қатысатынмын. Футболдан әлі де қол үзе қойған жоқпын, департаментіміздің командасында әріптестеріммен бірге ойнап тұрамын. Спорттан бөлек, поэзияға әуестігім бар. Алғашқы өлеңдерімді 7-8 сыныптарда жазғанмын, менің хоббиім осы. Ата-анамның арқасында домбыраға деген қызығушылық артты. Анам мен әпкем ән айтса, әкем домбырада ойнап, сүйемелдеп отыратын. Әкеме еліктеп, мен де домбыра тартуды үйреніп алдым, қазақтың әндерін шырқағанды жақсы көремін», - деді Қуат Әлиев.


Қуат бала күнінен спортпен шұғылданып, музыка мен поэзияға жақын болған. Бір қарағанда жұмысымен ұштаса бермейтін бұл қызығушылықтары оның қызметінде де өз көмегін тигізген жағдайлар болған. Ал полицей қызметін таңдауына осы салада халыққа қызмет еткен ағасы себепкер болған екен.

«Дәл ағам секілді болғым келді. Құқық қорғау саласының қызметкерлері жинақы, темірдей тәртіппен жүргенді армандадым. Мен ағамның жолын қудым. Құдай сәтін салып, қолымнан келді, қызметке орналастым. Біздің жұмысымызда жауапкершілік жүгі өте ауыр. Елордамызда қызмет ететіндіктен, көп жағдайда түрлі аймақтарға қосымша күш ретінде жұмылдырады», - дейді полиция капитаны.

Қуат Әлиевтің сөзінше, патрульдік полиция қызметкерінің жұмысында әркез бәрі жайлы, бәрі оңтайлы бола бермейді. Халықпен жұмыс істеу оңай емес.


«Тұтқындалған кісілермен сөзге келіп қалатын кездеріміз болады, оларға біздің де қарапайым адам екендігімізді түсіндіреміз. Алайда, барлығы бірдей түсіністік таныта қоймайды. Кей адамдар форма киген қызметкерлердің бәрі өз қызметтерін асыра сілтеп пайдаланады деп есептейді де, жанжал шығара бастайды. Біз бекітілген тәртіп бойынша жұмыс жасаймыз. Алкогольді ішімдікке сылқия тойып, шу көтеріп жатқан азаматтарға, оларды тиісті жерге апаруымыз керектігін айтамыз, дегенмен онымызды көбінесе түсіне бермейді», - деп Қуат жұмыстағы қиындықтары жайлы бөлісті.


Ауа райы жағдайларына қарамастан, патрульдік полиция қызметкерлерінің қиын жағдайда қалып қойған азаматтарға көмек қолын созу үшін қаладан тыс аймақтарға баруына да тура келеді.

«Қыстыгүні қиын жағдайлар көп болады. Бірде мысалы - 40-42 градус қақаған аязда жолдар жабық болатын. Тас жолда адамдар суықта қалып, үсіп қалды деген хабар келді. Сол сәтте қызмет бойынша қала аумағында жүрген болатынбыз. Қала сыртына шығып, ТЖМ қызметкерлерінен бұрын оқиға орнына келіп жеттік. Жолда қалған көліктің жанармайы да таусылған екен. Біз оларға қар құрсауынан шығуға көмектесіп, балаларды көліктен алып шықтық. Аман қалған отбасы мүшелері көздеріне жас алып, бізге алғыстарын жаудырды. Тап сол сәтте азаматтарға қаншалықты керекті қызмет иесі екендігімзді сезіндім. Біз оларды құтқардық десем, артық айтқандық бола қоймас. Ол заманда бәрін түсіріп алатын бейнерегистраторлар болмады, әйтпесе естелік ретінде сақтап қоюшы едік», - деп еске алады.

Кей жағдайларда жұмысты әдеттегіден әлдеқайда жылдам жасауға тура келеді. Бір жолы көлік құралдарының жолда ілесіп жүру жағдайында Қуат Әлиев полиция бекетінде болуға тиіс еді. Алайда ол тап сол сәтте ереже бұзған көлік жүргізушісіне хаттама толтырып жатқан.

«Қызмет бойынша арнайы көліктердің жүріп өтуі кезінде жолдың тиісті бөлігінде тұруым керек еді. Бірақ біз ол уақытта тиісті жерден алыстау едік, жол ережелерін бұзу фактісі бойынша хаттама толтырып жатқанбыз, және дәл уақытында тиісті жерге жетіп баруымыз екі талай болатын. Асыққанымыз соншалықты, біз рацияны басқа көлікте ұмыт қалдырыппыз. Бірақ ең бастысы – біз әріптесім екеуіміз тиісті жерге өз уақытында жеттік. Орнымызға келгенде ғана жетондарымыз бен рацияның жоқтығын байқадық. Жарты сағаттан кейін алдыңғы орнымызға қайта келдік. Ол орында бізді күтіп тұрған әріптестеріміз бар еді, олар біздің қайда кеткенімізді білмеген. Олармен бірге қалған командир ұмыт қалдырған заттарымызды қайда апарарын білмей, тек күтуден басқа амалы болмағанын айтты. Ал біз болсақ сары уайымға салынып кеттік, себебі жетон мен рацияны ұмыт қалдыруға, жоғалтуға болмайды, оның үлкен жауапкершілігі бар», - деп еске алды Қуат.    

Айдарбек Қалмұрзаев, полиция капитаны, Нұр-Сұлтан қ. ПД ПП полк қызметінің инспекторы

Айдарбек атқа мінгенді ұнатады, қазақ күресі, самбо, футбол және воллейбол ойындарына әуес, дзюдо күресі бойынша спорт шеберіне үміткер, Қазақстан біріншілігінің жүлдегері. 2002 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысқан.


«Менің әкем – Даниярбек Қалмұрзаев – спортшы, еркін күрестен Германияның екі дүркін чемпионы, КСРО чемпионы. Бала күнімнен әкем мені спортқа баулыды. Уақыт өте келе қалалық жарыста топ жардым. Кейіннен әскерде өз борышымды өтеп, одан кейін құқық қорғау саласына орналастым», - деп еске алады Айдарбек Қалмұрзаев.

Патрульдік полиция қызметкерлері шыныққан, шымыр болуға тиіс, сондықтан дене шынықтыру өте үлкен маңызға ие.

«Сайысқа түсуге әркез дайынбыз. Балалық шағымда спорт бапкері болуды армандайтынмын. Өмір сәтін салып, Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте көптеген оқушыларды дайындадым. Оқушыларымның арасынан чемпиондар да шықты. 2016 жылы Қостанай қаласында жоғары оқу орындары арасында Қазақстан чемпионаты жалауын көтерді. Осы жарысқа сегіз курсантты алып бардым. Бәрі де жүлделі болды: 4 алтын, 3 күміс, 1 қола. Командалық есепте 2 орын алдық»,- дейді полиция капитаны, Айдарбек.

Қазір Айдарбек Қалмұрзаев өз балаларын да спортқа баулығысы келеді. Кенже ұлы дзюдомен айналысқанды ұнатады екен, бірақ Айдарбек әлі ерте деп есептейді. Ал, үйдің үлкені шахмат ойнағанды жақсы көреді екен.

Айдарбек өз кәсібін әкесінің ұсынысы бойынша таңдаған және бұл қызметтің барлық қиындықтарын алдын ала білген. Ол батылдық пен ер мінезді талап ететін осы мамандықтың иесі болғанына өкінбейді, өзге мамандықтар жайлы тіпті ойламағанын да айтты.

«Осы жолды әкемнің кеңесі бойынша таңдадым. Шегінерге жол жоқ, бастысы алға жылжып отыру, халқымызға, отанымызға қызмет ету. Алға мақсат қойған соң, міндетті түрде діттегеніңе жету керек», - дейді ол.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысында өмірге қауіп төнетін жағдайлар да болып тұрады. Айдарбек Қалмұрзаев Шымкент қаласында қызмет етіп жүрген шағында шақырту түсіп, қылмыс орнына барып, қылмыскерді тұтқындайды.

«Шақырту түсіп, оқиға орнына бардық. Көрсетілген мекенжай бойынша келгенде жеделсатының жұмыс істемей тұрғанын көрдік, ал пәтер тоғызыншы қабатта еді. Уақыт тығыз, баспалдақпен жоғары көтерілдім де, оқиға орнынан кетіп үлгермеген қылмыскерді көріп, қолында пышағына қарамастан тез арада ұстап алуға тырыстым. Біздің қызметіміз осындай, қауіпті жағдайларға жиі тап боламыз, көп жағдайларда тәуекелге бел буамыз», - дейді полиция капитаны.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің мәліметтер бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында астаналық полицейлер 3632 тыныштықты бұзу жағдайларын, 3 919 – мас күйінде болу, 839 – тыйым салынған жерде темекі тарту, 1111 – қоғамдық орындарда тиісу, 5052 – абаттандыру ережерін бұзу жағдайларын анықтаған.

Патрульді полицейлердің жұмыстарында қызықты жағдайлар да болып тұрады:

«Капитан шенін енді алған кезімде, әлі қызметтік куәлігімді ауыстырып үлгермеген едім және құжат бойынша аға лейтенант едім. Бір күні әдеттегідей тексеру болды. Басшымыз менің аты-жөнімді «Полиция капитаны Қалмұрзаев» деп айтуы керек еді. Бірақ, тексерушілер алдында аздап қобалжыған болар, «аға лейтенант-капитан Қалмұрзаев» деп айтқан жағдай болған», - деп күліп еске алады Айдарбек.

Асылхан Жүзбаев, полиция капитаны, Нұр-Сұлтан қ. ПД ПП полк қызметінің инспекторы

Асылхан Жүзбаев көлік құрастыру ісіне қызығады, ІІМ ұжымының хорында ән салады, каратэ бойынша спорт шеберіне үміткер, ролик тебуді және велосипедпен жүргенді ұнатады.


«Үйімізде сан алуан техника болатын. Әкем тракторшы болды, техниканы жинау және шашу жұмыстарында әкеме қолғабыс жасай жүріп, өзім де біраз дүниені үйреніп алдым. Таныстарымның көліктері бұзылып қалса, бірінші кезекте маған хабарласады. Мен, әрине, көмегімді аямаймын. Мектептегі оқуымды аяқтар кезде ойға бір дүние оралды. Әулетімізде құқық қорғау саласында қызмет еткен ешкім болмаған. Сол себепті де қорғаушы боламын деп шештім. Оқуымды аяқтаған соң, қорғаушы болып жұмыс істеу оңай емес екендігін, оған біраз қаражаттың да керек екенін түсіндім. Алдымен Петропавлда жұмыс істедім, кейіннен Алматыға ауыстым. Қорғаушыдан бөлек кім болып қызмет ете аламын деп ойланғанда, полицияға жұмысқа тұруды ұсынды. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласында он шақты жылым өтіп үлгерді», - дейді Асылхан.

Патрульдік полиция қызметкерлеріне өз жұмыстарын атқару барысында психолог болу қажеттілігі де туындайды.

«Мен Мәңгілік ел даңғылы бойындағы бекетте тұрған едім, бір кезде тыйым салынған орында тұрған көлікті көзім шалып қалды. Көлікте көз жасы көл болып бір жас қыз отырған еді. Не жағдай болды деп сұрадым, қыз болса менің оған көмектесе алмайтынымды айтты. Ал, мәселе мынада екен, ол қыз жанармай құю бекетіне оператор болып жұмысқа орналасқысы келген екен. Бірақ тестілеуден өте алмаған, өйткені көлік майларын ажырата алмайды екен. Ойлағаны жүзеге аспаған бойжеткен өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Көлік майларының түрлерін айтып, түсіндіріп бердім-дағы, тынышталуына, жаман ойынан бас тартуына көмектестім», - деп еске алады ол.

Асылхан Жүзбаевтың айтуы бойынша, қызмет барысында азаматтардың өзгелерді нақақтан кінәлап, жала жабатын жағдайлар да көп кездеседі екен.

«Бір күні 102 нөміріне бір қыздың зорланғандығы жөнінде хабар келді. Кідіртпей жолға шығып, мекенжай бойынша оқиға орнына келдік. Көлігімізден шығып, үйге қарай жүріп келе жаттық. Қыстыгүні болатын, -40 градус аяз. Дәл сондай аязда, бізден жүз метрдей қашықтықта тырдай жалаңаш, іш киімінен басқа киімі жоқ жас жігіт жүгіріп келе жатты. Дәл сол сәтте сыртқа бір бойжеткен шықты. Әлгі жігіт: «Міне, осы қыз!», - деп айқайлады. Екеуін де ұстап алдық, полиция учаскесіне алып келіп, сұрақ ала бастадық. Жігіттің айтуы бойынша, ол қызға қолын да тигізбеген. Ал, бойжеткен дәл осы жігіттің оны зорлағанын айтып әлек. Ақыр соңында, тергеу барысында араларында ештеңе болмағанын, тек бойжеткеннің жігіттен ақша дәметкенін анықтадық», - дейді полиция капитаны.

Патрульдік полицейлердің жұмысында қызметкерлердің өздерін де таң қалдыратын жағдайлар болып тұрады.

«Алғаш рет қызметтік бекетте тұрып, қызыл Volkswagen Touareg көлігін тоқтаттым. Ондай көлік қаламызда енді ғана пайда болған кез еді. Әдеттегідей хаттаманы толтырып, жүргізушіні жібердім. Бірақ мен анықтаған ереже бұзу жағдайы бойынша толтырылған құжаттар қабылданбады, өйткені жол жүру ережесін бір кісінің қызы бұзған екен», - деп күле отырып еске алады Асылхан.

Өз қызметін атқару кезінде қорқыныш сезімі мүлдем болмаған. Шынайы үрей тек әкесі сырқаттанып қалғанда бойын билегенін айтты.

«Пандемия кезі еді, әкем жүрегіне ота жасатқысы келген, бірақ бар-жоғы 6 күннен кейін ковид індетін жұқтырып алды. Оған қоңырау шалғанымда, телефонға жауап бермеді. Шынайы қорыққан кезім осы болды», - деп еске алады Асылхан Жүзбаев.

Патрульдік полиция қызметкерлері азаматтарға көмек қолын созу үшін бірінші болып келеді. Адам өмірінің мәселері шешілетін қиын жағдайларда маңызды шешімдерді қабылдауына да тура келеді.

Иә, күннің көзі, желдің өтінде кезекшілік атқару оңай шаруа емес. Дегенмен әр азаматтың амандығы мен қоғамның тыныштығы қашанда қай заманда да басты орында.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: