Жаздың жайма-шуақ күндері — пәтерге жөндеу жүргізу үшін таптырмас уақыт. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, кез келген жөндеу жұмысы бастапқы есептен қымбатқа түсіп жатады. Сондықтан El.kz интернет порталы «Қазақстан Подешевле» телеграм-арнасына сілтеме жасап, жөндеуге ақша үнемдеудің тиімді жолдарын ұсынады.
Қабырғаларды тегістемей-ақ, бояуға арналған тұсқағаз жабыстырыңыз
Егер қабырғалар мінсіз тегіс болмаса, сылақ пен тегістеуге көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Оның орнына бояуға арналған тұсқағаз жабыстырыңыз. Үстінен бояу жағылып, қабырға тегіс көрінеді. Бұл әдіс арзан әрі тез жүзеге асады.
Асүй жиһазын жеке-жеке жинақтаңыз: корпусы қарапайым, ал алдыңғы панельдері сапалы болсын
Асүйдің ішкі корпусы көзге көп түсе бермейді, сондықтан қарапайым, арзандау нұсқаны таңдауға болады. Ал сыртқы фасадтар — яғни есіктер мен тартпалардың алдыңғы бөлігін сәнді, сапалы материалдан алыңыз. Осылайша жалпы шығынды 40%-ға дейін қысқартуға болады. Кейбір адамдар ескі асүйдің тек есіктерін ғана ауыстырып, жаңа жиһаздай әсер береді.
Артық қалған құрылыс материалдарын қайтарып беруге болады
Егер жөндеуден кейін артық плитка, ламинат немесе бояу қалса қоқысқа тастауға асықпаңыз. Егер қаптамасы ашылмаған және түбіртегі сақталған болса, көп дүкендер тауарды қайта қабылдайды. Көп жағдайда қайтару мерзімі 14 күннен аспаса болғаны.
Қарапайым төсеу тәсілімен қалдықты азайтыңыз
«Шырша» тәрізді күрделі өрнектер ламинат немесе плитканы көбірек қажет етеді. Мысалы, әдеттегі төсеуге 7–10% қосымша материал қажет болса, күрделі үлгіге 30% артық керек. Сондықтан қарапайым тәсілмен төсеу — үнемді әрі тиімді.
Қымбат панельдің орнына молдинг пайдаланыңыз
Сәндік панельдер өте қымбат. Оның орнына гипс немесе пластиктен жасалған молдинг қолданыңыз. Бағасы арзан, жапсыруы оңай, ал нәтижесі интерьерге ерекше сән береді. Әсіресе контрастты қабырғамен үйлестірсе, көркем көрінеді.
Брендке бола артық ақша жұмсамаңыз
Танымал брендтер емес, бірақ сапасы жақсы материалдар да баршылық. Мысалы, поляктың Dekoral бояуы иісі аз, жақсы жабысатын, әрі бағасы қолжетімді. Егер жөндеу кезінде үйден көшіп шықпайтын болсаңыз, иіссіз бояу таптырмас шешім.
Егер тұрмыстық техниканы жеңілдікпен тапсаңыз, бірақ жөндеу әлі бітпесе сатып алып, жеткізуді кейінге қалдыруға болады. Көп дүкендерде тегін сақтау қызметі қарастырылған. Бұл әрі тиімді, әрі ыңғайлы.