Пәтер бағасының өсуі: нарықтық заңдылық па, әлде қолдан жасалған қызу сұраныс па?

Пәтер бағасының өсуі: нарықтық заңдылық па, әлде қолдан жасалған қызу сұраныс па?

Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында соңғы айларда байқалған баға өсімінің шынайы себебі қоғамда үлкен талқылау тудырып отыр. Тұрғын үйдің күрт қымбаттауын министрліктің өзі де табиғи нарықтық факторлармен толық түсіндіру қиын екенін мойындады. Сарапшылар бұл жағдайды нақты нарықтық сұраныстан гөрі ақпараттық манипуляция мен спекуляцияның нәтижесі деп бағалауда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астана мен Алматының жаңа құрылыс сегментінде фазалық түрде емес, қисынсыз баға өсімі байқалып отыр. Алматыда орташа шаршы метр құны 800 мың теңгеден асып кетсе, Астананың бизнес-класс тұрғын үй кешендерінде 1,3-1,5 млн теңге деңгейі қалыпты көрсеткішке айналды.

Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтік брифингте жағдайға алғаш рет ашық түсініктеме берді. Ол баға белгілеудің нарықтық тетігіне мемлекет тікелей араласа алмайтынын атап өтті, бірақ қазіргі өсімнің объективті факторлармен толық сәйкес келмейтінін де жасырмады.

Министрдің сөзінше, нарықта «ажиотаждық сұраныс» әдейі жасалып, азаматтардың «қазір сатып алмасам, ертең екі есе қымбаттайды» деген үрейін пайдалану әрекеттері болуы мүмкін. Ол пәтер бағасының 30%-дан жоғары өсуіне қажетті экономикалық алғышарттар көрінбейтінін ашық айтты.

Ал, риэлторлаар болса бағаның қазіргі өсуін үш негізгі факторға бөліп түсіндіреді:

  1. Жалған ақпарат пен нарықты үрейлендіру
    Құрылыс саласының кейбір өкілдері баға 30-40% өседі деген болжамдарды қоғамдық пікірге әдейі таратып жатыр. Бұл нақты экономикалық талдауға емес, нарыққа «тезірек сатып ал» деген психологиялық әсер етуге бағытталған.
  2. Салық реформасына қатысты түсініксіздік
    2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 16%-ға өсетіні белгілі. Көп құрылыс компаниясы бұл өзгерісті алдын-ала бағаға қосып жіберген. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұл реформа толық күшіне енбей жатып, бағаның күрт қымбаттауын ақтау мүмкін емес.
  3. Халықтың төлем қабілеті өзгермеген
    Сұраныс бар, бірақ азаматтардың нақты табысы өспей тұрғанда бағаның ағымдағыдай шарықтауы экономикалық заңдылықтарға сай келмейді. Лукьяненконың айтуынша, нарық кемінде 2026 жылдың көктеміне дейін тұрақталмайды.

Экономист Ғалым Құсайыновтың есебі бойынша, ҚҚС-тың жаңа мөлшерлемесі тұрғын үйдің өзіндік құнына бірден ықпал етпейді. 2026 жылы басталатын құрылыс жобалары нарыққа тек 2027 жылы шығады. Сондықтан қазіргі баға өсімін салықтық өзгерістермен байланыстыру қисынсыз.

Экономист сонымен қатар шығындардың артуы ең алдымен шағын және орта құрылыс компанияларына салмақ түсіріп, олардың жобаларын қысқартуға мәжбүр етуі мүмкін екенін атап өтті.

Бұған дейін, пәтер бағасына қатысты жауапты тұлғалардың ресми мәлімдемесін жазған едік.