30.08.2025
09:30
606
Парламенттің рөлі күшейді: Конституциялық реформа несімен маңызды?

Парламенттің рөлі күшейді: Конституциялық реформа несімен маңызды?

Тәуелсіздік алғаннан бергі саяси реформалардың өзегі – Конституция. 2022 жылғы конституциялық өзгерістер Парламенттің рөлін күшейтіп, адам құқықтарын қорғау механизмдерін жаңа деңгейге көтерді. Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ  El.kz интернет порталының тілшісіне Конституцияның маңызы мен демократиялық даму жолындағы рөлі туралы ойымен бөлісті.

El.kz: Конституцияның қоғамдағы рөлі қандай?

Үнзила Шапақ: Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, ол – мемлекетіміздің құқықтық өркениеттілігінің биік өлшемін айқындайтын құжат. Конституцияда бекітілген басты құндылықтар – азаматтардың үстемдігі, заңның үстемдігі, әділдік қағидаттары, билік тармақтарының тепе-теңдігі мен тежемелік тетіктерінің өміршеңдігін көрсететін басты фактор.

El.kz: Конституциялық соттың тиімділігіне тоқталып өтсеңіз?

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Үнзила Шапақ: Әрине, Конституциялық сот адамдардың арасындағы дауды қарамайды. Сол дауды шешетін заңның өзінде теңдікке, еркіндікке, әділдікке сәйкес келмейтін шикілік болса, оны Конституцияға сәйкесін тексеруге болатын тұстары бар.

Бұрын азаматтар жүгіне алмайтын, қазір кез келген Қазақстан Республикасының азаматы Конституциялық сотқа жүгіне алады. Байқауымызша, бүгінде 11 мыңнан астам азамат Конституциялық сотқа жүгінген.

Бірақ олардың барлығы өндіріске қабылданған жоқ. Себебі өтініштердің көбі Конституция құзыретіне кірмейтін мәселелерге қатысты. Әлемдік тәжірибеде де дәл солай – азаматтардан түскен өтініштердің небәрі 1-5 пайызы ғана қарауға жіберіледі. Бұл өтініш иесінің кім екеніне байланысты емес, мәселенің Конституцияға сәйкестігіне байланысты.

Қазір шешімдер бар. Өздеріңіз білесіздер көптеген азаматтардың дауласып жүрген мәселелері Конституциялық сот арқылы шешімін тауып жатыр. Мысалы, бала асырауға байланысты ер азаматтардың құқықтары жөнінде қоғамды толғандырған мәселе көтерілді. Сондай-ақ салыққа қатысты да маңызды даулар шешілді. Осындай мысалдар Конституциялық соттың тиімділігін көрсетеді.

El.kz: Конституциялық соттың құрылуы қандай жаңа серпін берді?

Үнзила Шапақ: Конституциялық соттың құрылуы осы құндылықтарды жүзеге асыруға жаңа серпін берді. Ол өз шешімдері арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді механизмдерін іске қосып, конституциялық бақылаудың маңызын арттырып отыр. Конституциялық соттың әрбір шешімі қоғам өміріне еніп, Конституцияның өміршеңдігін көрсетеді.

El.kz: Сот шешімдерінің орындалуы туралы айтсаңыз?

Үнзила Шапақ: Конституциялық сот қабылдаған 73 нормативтік қаулының 41-і тікелей заңға, орталық мемлекеттік органдардың бұйырықтары мен Жоғарғы соттың қаулылары арқылы орындалды. Қазіргі таңда Мәжілісте тағы да сегіз шешім бойынша түзетулер талқыланып жатыр.

El.kz: Бұл түзетулер қалай қабылданады?

Үнзила Шапақ: Комитетте Конституциялық соттың қаулыларына сәйкес заңнамалық өзгерістер бойынша бірқатар ұсыныстар қаралып жатыр. Жуырда ғана қылмыстық кодекс, қылмыстық-процестік кодекс, атқарушылық іс жүргізу кодексі және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген толықтырулардың ішінде де Конституциялық сот шешімдерінің талаптары қамтылды.

El.kz: Демек, сот шешімдері бірден заңға айнала ма?

Үнзила Шапақ: Жоқ, депутаттар сот шешімін автоматты түрде заңға айналдырып жібермейді. Әуелі ол Парламенттің ашық талқылауынан өтеді, оған қоғамдық сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері қатысады. Конституциялық соттың шешімдері бір рет ғана емес, бірнеше мәрте талқыланады. Алдымен соттың өзі шешім қабылдайды, кейін ол түрлі мүдделі министрліктер мен мемлекеттік органдарға жеткізіліп, талқылау алаңдары ұйымдастырылады. Әрбір тарап өз пікірін білдіреді, содан кейін барып Парламент қарауына енгізіледі. Қоғам пікірі ескерілгеннен кейін ғана нақты заң жобасы әзірленіп, оқылымға түседі.

El.kz: Мұндай мысалдарды нақтылап берсеңіз?

Үнзила Шапақ: Мысал ретінде айтайын: Конституциялық сот «заңды өрескел бұзу» ұғымын нақты заң деңгейінде бекіту қажеттігін көтерді. Бұл мәселе қызу талқылауларға себеп болды. Нәтижесінде, Конституцияның талаптарына сай етіп, заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Әрине, мұндай тақырыптар бір ғана талқылаумен шектелмейді. Жеке актілердің атауы, сипаты, оның негізгі сот актісімен арақатынасы, сондай-ақ ол актілерді тараптарға жеткізу тетіктері жөнінде де көптеген пікірталастар болды. Бұл – күрделі сұрақтар, терең талдауды қажет етеді. Десе де, соңғы қабылданған заңнамалық өзгерістердің ішінде осы мәселенің толыққанды шешімі табылып, нақты нормалар бекітілді. Бұл – Конституциялық сот шешімдерінің қоғам өміріне нақты әсер етіп, құқықтық өркениеттілікті дамытуға бағытталғанының айғағы.

El.kz: Сіз заң шығару процесінің ішінде жүрген депутат ретінде мұндай мысалдарды жиі көресіз бе?

Үнзила Шапақ: Мен мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламын. Өйткені қазіргі таңда заң шығару процесінің ішінде жүріп, Конституциялық соттың әрбір шешімінің қалай орындалып жатқанын күнделікті көріп отырмын.

El.kz: Өзгерістерден кейін Парламенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі әлсіреп қалды деген пікір бар. Осыған көзқарасыңыз қандай? Бұл басқа елдерде кездесетін тәжірибе ме, әлде Қазақстан алғаш рет жасап отырған қадам ба?

Үнзила Шапақ: Мен Ассамблеяның рөлі азайды деп айта алмаймын. Мұнда тек белгілі бір механизмдерге өзгерістер енгізілді. Егер бұрын Ассамблеяның өкілдері мәжілісте отырса, қазір олардың бесеуі сенат құрамында. Бұл – 2022 жылғы Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәтижесі. Жалпы, бұл реформа Парламенттің ықпалын күшейтуге бағытталды.

Бұрын заң жобалары мәжіліске де, сенатқа да түсе беретін. Қазір заң жобасы алдымен Мәжіліске түседі, онда талқыланып, көпшілік дауыспен қабылданғаннан кейін ғана Сенатқа жолданады. Сенат мақұлдаса, заң күшіне енеді. Егер сенат белгілі бір баптарына келіспесе, оны мәжіліске қайтарады. Бұл Парламент палаталарының арасындағы конституциялық-құқықтық тепе-теңдікке өзгеріс енгізді. Ал Ассамблея өкілдерінің сенатта болуы сол палатадағы талдау мен сүзгілеу механизмін күшейтті деп ойлаймын.

El.kz: Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де құзыреті кеңейіп, олардың дауысы жиі шыға бастады. Бұл өзгерістің нәтижесін қалай бағалайсыз?

Үнзила Шапақ: 2022 жылғы Конституциядағы өзгерістердің нәтижесінде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық құқықтың мәртебесі толыққанды жетілдірілді десек болады. Өйткені адам құқығы жөніндегі уәкіл мемлекет пен азаматтың арасындағы құқықтық делдаль. Себебі біз әрқашан мемлекет адамның алдында, әр азамат мемлкеттің алдында жауап беруі керек деп айтамыз.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Осы мәселеде кейбір түсінбеушіліктер болатын болса, бұл адам құқығы жөніндегі уәкіл арқылы жүзеге асырылады. Енді реформа нәтижесінде уәкіл Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығына ие болды. Бұл – адам құқықтарын қорғау механизмінің күшейгенінің айғағы. Қазір біз сырттан бақылап отырғанымыздай, омбудсменнің Конституциялық сотқа жүгінген жағдайлары бар. Демек, азаматтардың құқығын қорғау тетігі нақты күшейіп жатыр.

El.kz: Кеңес Одағынан тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда бірқатар демократиялық реформалар жүзеге асып келеді. Соңғы Конституциялық өзгерістер қоғамда елімізді демократиялық мемлекет ретінде тану туралы пікірлерді күшейтті. Осы тұрғыда Қазақстанды Орталық Азиядағы ең демократиялық мемлекет деп айта аламыз ба?

Үнзила Шапақ: Жалпы демократиялықтың өлшемі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты емес. Оның басты өлшемі – азаматтардың өз елінде еркін өмір сүріп, өз әрекеттерін, іс-қимылдарын еркін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болуы.

Сондықтан Қазақстанды демократиялық жолмен қалыптасып келе жатқан мемлекеттердің қатарына жатқызуға толық негіз бар. Конституцияның бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық мемлекет ретінде орнықтырады» деп жазылған. Мұндағы «орнықтырады» деген сөздің өзі маңызды. Яғни, біз әлі толық демократиялық мемлекетпіз деп айта алмаймыз, әлі демократиялық мемлекеттік қалыптастырып, орнықтырып жатырмыз. Сол бағытта дұрыс бағдармен келе жатқан мемлекеттердің қатарына жатады.

El.kz: Онда Конституцияны жаңа үлгідегі Конституция деп айта аламыз ба?

Үнзила Шапақ: Иә, озық мемлекеттердің Конституцияларымен салыстырғанда біздің Ата заңымыз олардың талаптарына сәйкес келеді. Бірақ түсіну керек жайт бар: жазылып тұрған бір бөлек, нақты негізде жұмыс істеу бұл келесі мәселе. Конституцияда бүкіл заңды жазып тастау мүмкін емес, Конституция құқықтың негіздерін ғана белгілейді. Оның орындалуын қамтамасыз ету үшін қосымша заңдар қабылданады, ал ол заңдарды өмірде жүзеге асыратын нақты практика бар. Міне, сол тәжірибе барысында белгілі бір мәселелер туындауы мүмкін.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Сондықтан демократиялық құқықтық стандарттарды саралайтын халықаралық орган — Венециялық комиссия бар. Бұл комиссияға әлемнің 62 мемлекеті мүше, соның қатарында Қазақстан да бар. Біздегі кейбір заң жобалары сол комиссияға жолданып, олардың қорытындылары алынып отырады. Мәселен, 2017 және 2022 жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Венециялық комиссияның сараптамасынан өтті.

Мен өзім де сол комиссияның мүшесі ретінде қызмет атқардым. Ондағы мықты демократиялық мемлекеттердің сарапшылары біздің өзгерістерді қарап, оң қорытынды берді. Ол сарапшылардың пікірімен келіспеуіміз мүмкін емес.

El.kz: Әлемдік тәжірибеге тоқталсаңыз. Басқа елдерде бұл процесс қалай жүреді?

Үнзила Шапақ: Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Конституциялық бақылау механизмі бар елдерде азаматтардан келіп түскен өтініштердің небәрі 5 пайызы ғана өндіріске жіберіледі. Бұл азаматтардың құқықтары шектеліп жатыр деген сөз емес. Өйткені олардың басым бөлігі нақты дауға қатысты болмайды, тек заңға байланысты жалпы сұрақтар қойылады. Шын мәнінде, заң жобаларын әзірлейтін министрліктер мен заңгерлер тобы Конституцияға қайшы келетін құжатты ұсынуға жол бермеуі тиіс. Сондықтан көптеген өтініштер пәндік тұрғыдан қаралып, қабылданбай жатады.

El.kz: Ал Қазақстандағы жағдай қандай?

Үнзила Шапақ: Соңғы үш жыл ішінде Конституциялық сотқа он бір мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бірақ олардың бәріне шешім шыққан жоқ. Себебі өтініштердің басым бөлігі Конституцияның қарау құзыретіне жатпайды.