Парламентте Конституциялық заңдылықты күшейтуге байланысты бірнеше ұсыныс айтылды

21 Маусым, 10:48 464

Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Әзімова Конституциялық заңдылықты қамтамасыз етуді бақылау тетігін күшейту мақсатында бірнеше мәселеге назар аудару керегін ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңнамалық түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмысты Конституциялық соттың ұсынымдарын ескере отырып жалғастыру қажет, - деді Эльвира Әзімова.

ҚР Конституциялық сотының төрағасы мынадай мәселелерге үстеме назар аударуы қажет екенін атап өтті.

Олар:

Бірінші, Конституциялық соттың шешімдері уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жедел ден қоюды талап етеді. Заң деңгейінде Конституциялық соттың шешімдерін іске асыруда нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің оңайлатылған тәртібі конституциялық емес деп танылған актілерге немесе олардың жекелеген ережелеріне қатысты ғана көзделген. Норма Конституциялық сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп танылған жағдайда бұл тетік қолданылмайды.

Екінші, Заңнамалық ұсыныстардың құқықтық және практикалық негізділігінің жеткіліксіз пысықталуы, мамандардың қорытындыларына және құқықтық салдар болжамына тиісінше назар аудармау сапасыз нормативтік құқықтық актіні қабылдауға, тіпті оны конституциялық емес деп тануға әкеп соғуы мүмкін.

Конституциялық сот шешімдерінің орындалуына тексеруді және Жоғарғы соттың сот практикасын жинақтауды есепке алуды заңнамаға құқықтық мониторинг құралдары ретінде қосу орынды.

Үшінші, Конституциялық сот өз шешімдерінде қаралған заңдардың оларды қолданысқа енгізу тәртібін реттейтін қорытынды және өтпелі ережелерінде жаңа талаптардың кері күші туралы ережелер көзделмегенін көрсеткен болатын. Бұл ретте Парламент қабылдаған заңдардың, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны қолданысқа енгізу туралы қаулыда бекітілген болса, кері күші болуы мүмкін деп түсіндірілді. Бұл әсіресе тыйым салулар, шектеулер, жеңілдіктер немесе көтермелеу шаралары енгізетін жаңа заңдардың нормаларына қатысты.

Төртінші, Конституциялық заңның алпыс үшінші бабының төртінші тармағында Конституциялық сот осындай шешім қабылдаған жағдайда, оны қолдану кезінде өзгеше түсіндіру болмайды, ал оның салдары конституциялық емес деп шешім қабылдау кезіндегі жағдаймен бірдей болады деп айқындалған.

Конституциялық соттың нормативтік қаулысының бұл түрін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша соттың іс жүргізуді қайта бастауы үшін негіздер тізбесіне енгізген орынды.

Бесінші, Жоғарғы соттың сот практикасын жинақтауына соттардың Конституциялық соттың нормативтік қаулыларын қолдануын талдауды енгізген жөн. Бұл азаматтарды сот арқылы қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Алтыншы, құқық бұзушылық түрлері үшін олардың қоғамға қауіптілігіне және елдегі кримногендік ахуалға негізделген мөлшерлес жауаптылықты белгілеу мәселесі терең зерттеуді талап етеді. Сонымен бірге, заң шығарушының осы мәселелердегі дискрециялық өкілеттігінің аясы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегіне сәйкес келуге тиіс.

Миражан Махан
Бөлісу: