Парижде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды El.kz
«4 қазан күні Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде көрнекті қоғам қайраткері, лингвист және жазушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «дөңгелек үстел» өтеді. Іс-шараға Қазақстан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары, сонымен бірге Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Германиядан ғалымдар қатысады», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында.
Айбек Смадияровтың дерегінше, сол күні опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай, «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблі, халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Жұбаныш Жексенұлы, Ренат Гайсин, сондай-ақ халықаралық байқаулар лауреаты Ерке Есмаханның қатысуымен салтанатты концерт болады.