Париж олимпиадасында топ жарған спортшылар мансабын жалғастыра ма

31 Тамыз, 08:37 542

Париж олимпиадасы аяқталған соң, жазғы ойындардың жеңімпазы мен жүлдегерлері халықтың басты назарында. Бүгінде олар халықтың қошеметіне бөленіп, ел президентінің қабылдауында болып, түрлі телебағдарламалардың төрінен орын алуда. Ал олардың әрі қарайғы  мансабы қалай болмақ? Иә, қазір маусым аяқталатын тұс. Десе де олардың спорттағы мансабына қатысты қандай да бір болжамдар бар ма? Olympic.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

35 жасында Париж Олимпиадасының финалына шыққан балуан Демеу Жадыраевтың жүлде қоры айтарлықтай көп. Ол әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінде медаль алып, кейін Олимпиаданың тұғырында қасқайып тұрды.

Олимпиададан соң Демеу өзінің әлі бабында екенін, жарақаты жоқтығын айтып, спорттық мансабын әрі қарай жалғастыратын ойы барын жеткізді.

Олимпиададан соң күреске деген шабытым қайта ашылды. Жарақатым жоқ, денім сау. Ендеше, әрі қарай да күресетін  ойым бар, - деді Жадыраев.

Демеудің бұл пікірін бұрынғы командаласы Алмат Кебіспаев та құптап отыр. Ол Жадыраевтың 35 жасқа келсе де, Олимпиададан медаль алғанына қуанышты.

Бізде жас спортшыны әлі жас деп, шетке ысырады. Жасың біразға келіп қалса, сені қартайғандардың қатарына жатқызады. Ал Демеу болса, ешқандай шектеудің жоқ екенін дәлелдеді.

35 жасқа аяқ басса да, төзім мен еңбектің арқасында осындай жетістікке жетіп отыр. Яғни, көп адамның сөзін елемей, еңбектеніп, сеніп, алға басу керек. Демеу бауырымыз осыған  нағыз үлгі бола алады.

Кім лайық болса, жасына да, басқасына да қарамастан, ірі жарыстарға бару керек, - деді Кебіспаев.

Боксшы Назым Қызайбай да Олимпиададан соң шаршы алаңнан кетпейтінін мәлімдеді. Жазғы ойындарды сәтті аяқтаған боксшы қыз әлем чемпионатының үшінші алтынын алуды мақсат еткен.

Бұл - менің алғашқы Олимпиадам. Жарақатым жоқ, бабымды жоғалтпадым. Сондықтан, бүгін-ертең боксты қойып кетемін деп айта алмаймын. Қазақтан шыққан алғашқы үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Екі дүркін чемпиондық атақ Серік Сәпиев пен менде бар. Ендігі мақсатым - әлем чемпионатының үшінші алтынын алу, -  деді Назым Олимпиада соңында.

Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алған соң, бұл өзінің соңғы ойыны екенін айтқан. Алайда,  елге оралған соң балуанның пікірі аздап өзгерген.

Шынымды айтсам, Олимпиададан кейін күреске деген шабытым ашылды.  Кішкене демалған соң, ірі додаларға қайта дайындала береміз.

Олимпиада медалі мен үшін аса құнды медаль. Орны ерекше.

Олимпиадалық ауылда тұрған соң, жүлдегер атанғаным қатты білінбеген. Өйткені, бәрі медаль алып жатыр ғой. Елге оралған соң, халық  сый-құрметін көрсетуде.

Қазақстан дзюдо тарихында атым қалып, кішігірім ерлік жасағанымды енді түсініп жатырмын, - дейді Қырғызбаев.

Спорттық гимнастикадан команданың бас бапкері Александр Ким Нариман Курбановтың да үлкен аренадан әзір кетпейтінін айтты. Ал Олимпиада чемпионы Елдос Сметов жарыс кезінде нақты мәлімдеме жасаған жоқ.

Спорттағы мансабым туралы әлі шешім қабылдағаным жоқ. Қазір ерекше қуанып жүргенімді білесіздер. Ал қатты қуанып немесе ашуланып тұрғанда шешім қабылдамау керектігін білесіздер. Елге барған соң сараптап, саралап, бір шешімге келемін деген ойдамын, - деген болатын Сметов.

Ал жақында ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Елдостың спорттық мансабы әрі қарай жалғасатынын мәлімдеді.

Елдос мансабын аяқтамайды, әрі қарай жалғастырады. 2028 жылғы Олимпиадаға  қатыса ала ма? Бұл спортшының өзіне байланысты. Бастысы, функционалдық және физикалық дайындығы дұрыс болуы керек,  - деді бас бапкер.

Зарина Арман
Бөлісу: