08.02.2026
16:57
786
Париж Гранд Слэмі: Қазақстанның екі балуаны жартылай финалға шықты

Париж Гранд Слэмі: Қазақстанның екі балуаны жартылай финалға шықты

Парижде өтіп жатқан Гранд Слем жарысының екінші күнінде қазақстандық балуандар Абылайхан Жұбаназар мен Шархан Нұрлыхан жартылай финалға жолдама алды.

81 келіде Абылайхан Жұбаназар финалға шығу үшін әзірбайжандық Зелим Кацоевпен кездеседі. Қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде Дания, АҚШ және Жапония балуандарынан басым түсті.

-100 келіде Шархан Нұрлыхан өз кезегінде финалға шығу үшін жапониялық Араи Дотамен күреседі. Іріктеу сәтінде ол Тунис, Украина, Венгрия және Италия балуандарын жеңіп шықты.

Айта кететін жайт, Шархан Нұрлыхан 2024 жылы аталған турнирде қола жүлдеге ие болған еді. Ал 2025 жылы бұл сынға Қазақстан дзюдошылары қатысқан жоқ. 

Биылғы турнир барысында 90 келіде өнер көрсеткен Айдар Арапов алғашқы айналымда Германия спортшысынан жол берді. -100 келіде Марат Байқамұров Орталық Африка Республикасының балуанын жеңгенімен, екінші айналымда Нидерланд спортшысына жол берді. +100 келіде Ғалымжан Қырықбай алғашқы белдесуінде Канада өкілінен жеңіліп қалды.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күнінде Қазақстанның ұлттық құрамасының өкілі Аман Бақытжан 60 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Отандық татами шебері 60 келіде сынға түсіп, Гранд Слэм бәсекесінде 5 белдесу өткізді. Алғашқы айналымды бос өткізген Аман Франция, Бразилия, Словения балуандарын жеңді. Ал жартылай финалда Украина өкілі Дилшод Халматовпен кездесіп, қосымша уақытта жол берді.