Париж-2024: қай елдің спортшылары қандай сыйақы алады

10 Маусым, 16:50 699

Париж олимпиадасына да санаулы уақыт қалды. Бұл күндері төртжылдықтың бас додасына баратын спортшылар анықталып та үлгерген. Ал жеңімпаздарға әр мемлекет әртүрлі марапат тағайындап отыр. Қай елдің қандай сыйақы беретіні әзірге белгісіз. Дегенмен бұған дейінгі Олимпиададан қатты айырмашылық бола қоймас. Егер бәрі сол күйі қалса, онда сыйақы жағынан көш басында Сингапур, Индонезия, Гонконг және Израиль тұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең көп сыйақыны Сингапур дайындап отыр. Олимпиада алтынын алған спортшыға 737 мың доллар тағайындалса, күміс медаль үшін – 369 мың, қола медаль үшін 184 мың доллар беріледі. Токио олимпиадасында сингапурлық спортшылар бір де бір медаль еншілей алмаған.

Тайвань екінші сатыда тұр: жеңімпазға 719 мың доллар беріледі. Екінші және үшінші орын алғандар тиісінше 252 және 180 мың доллардан алады. Сыйақы тағайындау жағынан үздік үштікті Гонконг түйіндеген. Жоғары сұрыпты медаль еншілеген спортшы 644 мың долларға иелік етеді. Күміс жүлдегер – 322 мың, қола жүлдегер 161 мың доллар алады.

Израиль атлеттері төрт мың долларға кем алады – 640 мың доллар. Күміс жүлдегер – 210 мың, қола жүлдегер 130 мыңды қанжығасына басады. Бесінші орында Түркия тұр: алтын үшін – 380 мың доллар, күміс үшін – 230 және қола үшін – 115 мың доллар. Индонезиялық спортшылар арасында үздік шыққандар 346 мың долларды еншілесе, күміс және қола медальге тиісінше 138 400 және 69 200 доллардан беріледі.  

Қазақстанда соңғы 16 жылда Олимпиада жүлдегерлері үшін тағайындалатын сыйақы мөлшері өзгерген емес. 2008 жылы Бейжің олимпиадасының қарсаңында Үкімет жеңімпаздарға 250 мың доллардан, күміс және қола жүлдегерлерге тиісінше 150 және 75 мың доллардан беру туралы қаулы шығарған. Бұл көрсеткіш жағынан еліміз 7-орында тұр.

Ал аламан өтетін Францияда чемпион 76 мың доллар алса, күміс медаль иесін 29 мың, қола жүлдегерді 17 500 доллар сыйақы күтіп тұр.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: