Париж-2024: Олимпиада «алтынының» құны, әлемдік жұлдыздар және Қазақстан командасы

15 Тамыз, 21:03 1843

Париждегі Олимпиада ойындарында жарыс жеңімпаздары алғаш рет медальмен қосып ақшалай төлемдер алатын болды. Бұрын мұндай мүмкіндік тек екі спорт түрінде ғана болатын. Алайда олимпиадалық спортшылардың ақша табудың басқа жолдары да бар. Осы және басқа өзгерістерді, сондай-ақ Олимпиада қорытындысын El.kz тілшісі тізбектеп шықты.

Қазақстан құрамасы

Қазақстан құрамасы Париждегі  Олимпиада ойындарын Токиодағы жарыстарға қарағанда сәтті аяқтады. Себебі біздің спортшылар Франция астанасында 7 медаль жеңіп алды. Себебі 3 жыл бұрын қазақстандық спортшылар Жапонияда тек 8 қола медаль жеңіп алған болатын.

Ел қоржынына жалғыз алтын медальді дзюдошы Елдос Сметов салды. Ол дзюдодан 60 келі салмақта үздік атанды. Сондай-ақ, қазақстандықтар 3 күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80  келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев  (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.

Осылайша Қазақстан командасы Парижде (Франция) өткен Олимпиада ойындарында 7 жүлдемен жалпы медальдық есепте 43-ші орынға тұрақтады.

Фото: ҰОК/Владислав Семенов

Жалпы қорытынды

Париждегі жазғы Олимпиадада АҚШ қатарынан төртінші рет медаль бойынша үздік атанды. Олар жеңіп алған медаль саны - 126. Бір қызығы Қытайдан қалып келе жатқан америкалықтарға соңғы «алтынды» Францияны жеңген баскетболшылар әкелді де, үздіктер қатарына шығарды.

Дегенмен АҚШ пен Қытай командасының алтын жүлделер саны бірдей, яғни 40 медаль. Бірақ Қытай құрамасы жалпы медаль саны бойынша да артта қалды, оларда барлығы 91 жүлде бар.

Үшінші орынды 45 медаль (20 алтын жүлде) жеңіп алған Жапония иеленді. Төртінші орында Австралия (жалпы 53 медальдың 19-ы алтын).

Франция бесінші болды (64 жүлденің 16-ы алтын медаль). Одан кейін Нидерланд пен Ұлыбритания келеді.

Олимпиаданың жабылу салтанатына Сент-Денистегі «Стад де Франс» стадионында және Оңтүстік Калифорниядағы Лонг-Бич қаласында 70 мыңнан астам адам мен 8 мың спортшы қатысты.

Салтанатты рәсім Том Круздың «Стад де Франс» төбесінен секіріп, көптеген көрермен арасында мотоциклмен жүріп өткен керемет трюкімен аяқталды. АҚШ актері 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін келесі ойындардың символдық белгісі ретінде олимпиада туын алып кетті.

Тек бокс пен жеңіл атлетика

Сонау 1896 жылы Афинада заманауи Олимпиада ойындары өткізіле бастағанда, оларға кәсіби спортшылар қатыспайтын, жарыстарда тек әуесқойлар бақ сынап, жүлделі орындарға ақшалай сыйлық болмайтын.

Париждегі биылғы ойындарда жылына жүздеген миллион доллар табатын шалқыған байлардан бастап, күнін әрең көретін кедей спортшылар да бақ сынады.

Олимпиадаға қатысушылар ақшаны әртүрлі көздерден, яғни демеушілерден бастап мемлекет тағайындаған қаржылық сыйақыларға дейін ала алады. Енді Париждегі ойындарда жүлдегерлерге алғашқы рет ақшалай сыйақы берілді, бірақ барлық спорт түрінде емес.

Парижде ұсынылған 32 спорт түрінің ішінен жүлделі ақша тек жеңіл атлетика мен бокста беріледі.

Жеңіл атлетиканың халықаралық басқару органы саналатын Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы (World Athletics) сәуір айында күтпеген жерден Париж ойындарының алтын медаль иегерлері 50 мың доллар алатынын хабарлады.

Бір айдан кейін Халықаралық бокс қауымдастығы да (IBA) ақшалай сыйақы беретінін мәлімдеді. Осылайша Олимпиада чемпиондарына 100 мың АҚШ доллары берілді. Дегенмен бұл соманың төрттен бірі ұлттық спортшылар федерацияларына, ал тағы төрттен бірі олардың жаттықтырушыларына тағайындалды.

Екі спорт түрі бойынша күміс және қола жүлдегерлер аз сома алады, ал бокста 5-орынға ие болған спортшылар да марапатталды.

Жүлдегерлер ақшаны тікелей Олимпиада комитетінен емес, екі қауымдастықтың басқару органдарынан алатын болады.

Осы тұста айта кететін жайт, Халықаралық жеңіл атлетика федерацияларының қауымдастығы (World Athletics) Халықаралық Олимпиада комитетінен Олимпиададан түскен пайданың бір бөлігін алады. Бұрын қауымдастық бұл қаражатты спортшыларды барынша дамытуға жұмсаған, сондықтан қазір кейбір бақылаушылар ойындардағы жеңістер үшін ақшалай төлемдерді енгізу «қате шешім» деп ойлайды.

Алайда спортшыларға қосымша табыс еш уақытта кедергі болмасы анық. Мәселен олимпиадалық мансабында 4 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алған КСРО гимнастиканың аңызы Ольга Корбут 2017 жылы үш медалін 333,5 мың долларға сатуға мәжбүр болған.

Ұлттық мақтаныш

Спортшылардың ойындардағы медальдары үшін қаржылық сыйақы алудың көптеген басқа да жолдары бар. Көптеген спортшы тұғырға көтіріліп, еліне жеңіс әкелгені үшін өз мемлекеттерінің атынан марапатталады.

Спортшыларына ең көп ақшаны Сингапур төлейді деп саналады. Себебі Париждегі алтын медаль үшін бұл ел 750 мың доллар төлейді.

Жарыс қожайындары Франция спортшылары үшін бұл сома 80 мың еуроға тең, ал марокколық спортшыларға жеңісі үшін 200 мың доллар табысталады. Бұл АҚШ-қа қарағанда әлдеқайда көп, себебі бұл елдің спортшыларына 37,500 доллар тағайындалған.

Дегенмен олимпиадашыларға ешқандай қаржылық сыйақы бермейтін елдер де кездеседі. Мысалы олардың қатарында Ұлыбритания бар.

Әлемдік жұлдыздар

Испаниялық гольфшы Джон Рам – Париж ойындарына қатысқан ең көп жалақы алатын спортшы. Ол Forbes журналы жыл сайын жариялайтын ең бай спортшылар тізімінде көш бастап тұр. Журналдың бағалауы бойынша, ол былтыр 218 миллион доллар тапқан.

Ал АҚШ-тың жарық жұлдызы, баскетболшысы Леброн Джеймс табысы бойынша екінші орында тұрғаны таңқаларлық жағдай емес. Ол былтыр 128 миллион доллар тапқан.

Бірақ табысы мен танымалдығы төмен спортшылар үшін медаль жеңіп алу қосымша табыс табуға айтарлықтай көмектеседі. Себебі олардың арасында күнін әрең көріп жүргендері де бар. Бірнеше жыл бұрын Австралияда зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде Олимпиадаға дайындалып жатқан спортшылардың 40%-ы толық емес немесе толық уақытта жұмыс істеп жүргені анықталды.

Тіпті әлемдегі ең бай спорт жұлдыздары тұратын Америка Құрама Штаттарында да көптеген спортшыларға оңай емес. Мәселен АҚШ Олимпиада және Паралимпиада комитетінің жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, қазіргі спортшылардың 26,5%-ы жылына 15 мың доллардан аз табыс табады екен.

Болашақ өзгерістер

Олимпиададағы үздік спортшылардың ақшалай сыйақысы спорт федерацияларының қаражатты тиімді пайдалануы туралы қызу пікірталас одан әрі жалғасады. Сондай-ақ бұл тәжірибе жеңіл атлетика мен бокстан басқа спорт түрлерінде де енгізілуі мүмкін.

Алайда бұл бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан аз көңіл бөлетін спорт түрлеріне қиындық тудыруы мүмкін. Осылайша оларға ақша бұрынғыдай аз бөлінеді.

Жеңіл атлетика мен бокс – спорттың әлемдегі ең танымал екі түрі. Сондықатн оларға демеушілерден және мемлекеттен қосымша қаржыландыру алуға оңайырақ. Ал мысалы каноэде есу бойынша көп адамға қызық емес болып көрінеді. Соның әсерінен бұл спорт түрлеріне ақша аз бөлінеді. Сондықтан Олимпиада чемпиондары алтын медальға қол жеткізгені үшін қосымша қаражат алса, спорттың дамуына жақсы әсерін тигізуші еді.

Алтынның құны қандай?

Биылғы Париж Олимпиадасының медалінде 505 грамм күміс пен 6 грамм алтын бар екенін ескерсек (алтын медальдар 1912 жылдан бері таза алтыннан жасалмаған), олардың таза құны 950 долларға тең.

Перизат Саденова
Бөлісу: