22.09.2025
10:40
483
«Парацетамол»: АҚШ-та аутизмнің көбею себебі айтылды

«Парацетамол»: АҚШ-та аутизмнің көбею себебі айтылды

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі балалар арасындағы аутизм жағдайларының көбеюі жүкті әйелдердің ацетаминофенді (парацетамол) қолдануымен байланысты болуы мүмкін екенін жарияламақ. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасап The Washington Post жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мәліметке сәйкес, мамандар Нью-Йорктегі Маунт-Синай медицина мектебі мен Гарвард университетінің зерттеу нәтижелерін қайта зерделеуде. Басылым атап өткендей, билік жүкті әйелдерге ацетаминофенді қолданбауды, тек дене қызуы көтерілген жағдайда ғана пайдалануды ұсынбақ.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі лейковориннің (фолин қышқылы) аутизмді емдеуге қабілетті екенін мәлімдемек. Бұған дейін бұл сырқатты генетикалық бейімділікпен байланыстырған және емделмейтін дерт деп есептеген болатын.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен елдің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет министрі кіші Роберт Кеннеди бұған дейін бірнеше рет балалардағы аутизмнің көбеюі вакциналармен байланысты болуы мүмкін деген пікір айтқан.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегінше, қазіргі таңда елдегі әрбір 31-ші сегіз жасар балаға аутизм диагнозы қойылған. 2000 жылы бұл көрсеткіш небәрі 150 баланың бірінде ғана тіркелген еді.