Паранджа мен никаб киюге тыйым қашан салынады. Министр жауап берді

26 Желтоқсан 2023, 16:10 1799

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық орындарда паранджа мен никаб киюге қатысты тыйым шаралары қабылданатыны туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дін мен мемлекет бөлек. Әр адамның діни сезімін құрметтеуіміз керек. Сол тұрғыда әрбір шешім жан-жақты қоғаммен талқыланып, зерделеніп, содан кейін қабылданады. Бір күнде өзгертіп тастау оңай. Ертең қандай шу болатынын, адамдар наразылығын білдіретінін ескеруіміз керек. Депутаттардың да нақты сауалдары болады. Біз, біріншіден, дін саласындағы тұжырымдамамызды анықтап алдық. Бүгінде не өзекті, қандай мәселелер нақты керек деген?! Ал енді қауіпсіздік тұрғысында міндетті түрде паранджа, никабқа қатысты ұстанымнан кеткен жоқпыз. Оны заңды тұрғыда қарау мәселесі, оның салдары бойынша қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы да айтамын, ол тек қана біздің министрліктің құзыретінде емес. Қоғаммен ақылдасып жасалатын іс-шара. Сондықтан талқылаулар міндетті түрде ендігі жылы болады, - деді Балаева.  

Министр елімізде діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып, бұғатталған. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылғанын айтты.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: