Паралимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларға мемлекеттік наградалар табыс етілді

16 Қыркүйек, 14:47 451

Олжас Бектенов президент атынан Паралимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларға мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет үйі ғимаратында XVII Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жаттықтырушылар құрамын марапаттау рәсімі өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов президенттің атынан жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Үкімет басшысы спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтады. Биыл Қазақстанның Паралимпиада құрамасы тоғыз медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты, атап айтқанда, 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, паралимпиада спортшыларының жеңістері – қашанда мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне сенімнің үлгісі. Ойындар қарсаңындағы кездесуімізден кейін бүкіл ел байрақты бәсекеде көрсеткен әрбір ойындарыңызды тамашалады, сіздердің жетістіктеріңіз біз үшін ерекше мақтаныш болды. Жыл өткен сайын ерекше жандардың спортқа қатысуы артып келе жатқаны бізді қуантады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 56 мыңнан астам қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Сіздердің әрқайсыларыңыздың көрсеткен үлгілеріңіз көптеген адамды біздің паралимпиадашылар қатарына қосылуға ынталы ететініне сенімдімін. Үкімет спортшыларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсету жұмыстарын күшейтуде, — деп атап өтті премьер-министр. Спортшыларды Паралимпиадаға дайындауда маңызды рөл атқарған жаттықтырушылар мен тәлімгерлерге ерекше алғыс сөздер айтылды.

Өз кезегінде паралимпиада спортшылары жарыс кезінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқына алғыстарын білдірді.

Мен Мемлекет басшысына және бүкіл Қазақстан халқына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғау мен үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырды. Біз Паралимпиада ойындарында жүлде жеңіп алу үшін көп еңбек еттік, біздің бапкерлеріміз жеңіске жету үшін бар шеберлігін салды. Мен еліміздің алғашқы екі дүркін Паралимпиада чемпионы болғаныма, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға үлес қоса алғаныма қуаныштымын. Алдымызда жаңа жеңістерге жету жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз мұнымен тоқтап қалмай, еліміздің игілігі үшін еңбек ете береміз, — деді пара пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев.

Пара дзюдодан алтын медаль иегері Ақмарал Науатбек мемлекет басшысының жарлығымен ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталғанына қуанышты екенін жеткізді.

Біз Паралимпиада ойындарында әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынасып, Отанымызға пара дзюдодан тарихи алтынмен оралғаныма қуаншыштымын. Мемлекет тарапынан пара спортшыларға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі біздің жетістігіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендірді деп ойлаймын. Болашақта Қазақстан республикасының атын шығаруға болашақ чемпиондар біздің жолымызды жалғастыратынына сенемін, — деді

ҚР Президентінің Жарлығымен I дәрежелі «Барыс» орденімен пара пауэрлифтингтен еліміздегі алғашқы екі дүркін чемпион Дэвид Дегтярев, III дәрежелі «Барыс» орденімен Париждегі Паралимпиада ойындарының чемпионы және пара дзюдодан алғашқы алтын иегері Ақмарал Науатбек марапатталды. Күміс медаль жеңіп алған мерген Еркін Ғаббасов, жүзуші Нұрдәулет Жұмағали және дзюдошы Шамей Ерғали «Парасат» орденінің иегерлері атанды. «Құрмет» орденімен қола жүлдегерлер – Дастан Мұқашбеков, Зарина Райфова, Даяна Федосова және Жұрқамырза Шүкірбеков марапатталды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: