Бүгін, 30 тамызда Парижде өтіп жатқан 2024 жылғы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар екі сайыс түрінен жарыс жолына шығады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл күні пара таеквондодан Камила Досмалова (57 келі) Джульетта Мойпо (Кения) - Мария Мицев (Сербия) жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал пара жеңіл атлетикадан Салтанат Әбілқасымқызы (100 метр жүгіру) сынға түседі.
Айта кетсек, 29 тамызда пара волейболдан Қазақстан құрамасы Францияны 3:0 есебімен жеңді.
Енді олар ертең, 31 тамызда Астана уақытымен 17:00-де Босниямен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ пара таеквондодан қазақстандық Милана Красавцева жұбаныш кездесуінде мысырлық спортшыға есе жіберіп, медальға ие бола алған жоқ.
Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды.
Дүбірлі дода 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.