Пандемия кезіндегі оразаның ерекшеліктері

8 Сәуір 2021, 16:52 4740

Вакцина оразаны бұза ма?

 

Биыл да барша мұсылман халқы асыға күтетін, айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы пандемияға сәйкес келіп отыр. Рамазан шынымен де әрбір мұсылман баласы үшін тек тамақтан тиылып, ағзаны ғана емес, рухани тұрғыдан тазаруға, кемелденуге мүмкіншілік беретін ерекше ай. Көбірек мінажат жасалып, дұға тілейтін, күнәлар шайылатын қасиетті ай. Санаулы күндерден кейін әлем елдеріндегі барша мұсылман жұртшылығы қасиетті оразаның сауабынан құр қалмас үшін ауыз бекітіп, ораза тұтатын болады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шешіміне сәйкес отандастарымыз 12 сәуірден 13-не ауысқан түнде таң намазына дейін ауыз бекітетін болады. 8-мамырдан 9-мамырға ауысқан түні – Қадір түні деп белгіленді. Биылғы карантиндік жағдайды ескере отырып, ораза ұстау науқанында қандай мәселеге назар аударған дұрыс? Рамазан айында ораза тұтқан жан аузы берік кезде вирусқа қарсы екпе салдыратын болса ораза бұзылуы мүмкін бе? Ауызашар беруге бола ма? Осы сынды бірқатар сауалдарға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл жауап берді.


 

– Биылғы Рамазан айы екпе салу науқанына тура келіп отыр. Сол себепті көпшілік мұсылман қауымның тарапынан «Ораза кезінде екпе салдырса, ораза бұзыла ма?»,- деген сауалдар қойылып жатыр. Жауап ретінде арнайы шешімізді жарияладық. Ораза тұтқан жан күндіз вакцина алатын болса оразасы бұзылмайды. Шариғат кітаптарында айтылғандай, азық ішке табиғи жолмен яки ауыз, мұрын, тік ішек арқылы кірсе ғана ораза бұзылады. Вакцина азық емес, екіншіден адамның денесіне табиғи емес жолмен яғни бұлшықетке ине салу арқылы ағзаға енетіндіктен ораза бұзылмайды. Шариғатқа негіздеп, екпе егу – оразаны бұзбайды деп жауап береміз.  Егер нақтылап айтар болсақ, бұл туралы «Фәтaуa Һиндия» кітaбында «Теpідегі ұсaқ теcіктep аpқылы мaй секілді заттың ішке кіpуі оpазаны бұзбaйды» делінген (1 том, 266-бет).

 

Жақында Нұр-Сұлтанда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде пандемия кезінде ауызашарлар ұйымдастыру мәселесі қаралды. Жиын барысында мамандар санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыруға болатыны туралы сөз қозғады.

 

Діни басқармаға қарасты Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев Рамазан айында санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып ауызашарлар ұйымдастыруға болатынын айтты. Бұдан өзге Ораза айт мейрамында мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық ойындарын ұйымдастыруға болатыны сондай-ақ Ораза айт күндері қарттар үйін мекендеген үлкен кісілер мен жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық шараларын ұйымдастыру сынды іс-шаралар жасалатыны айтылды.

 

Марат Жаппасбаев карантиндік шектеулерге байланысты бұл жұмыстар мейілінше сақтықпен ұйымдастырылатынын айтты. Осы орайда Бас мүфти «жасыл аймақтарда» оpналасқан өңіpлеp Pамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізуге мүмкіндіктері бар екеніне бас назар аударды.

 

Ал, осы отырыста Діни басқарманың «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Талғат Омаров осы жылы бірнеше жаңа жоба дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, «Рамазан керуені» атты шалғайда орын тепкен ауылды мекендерді қамтитын қайрымдылық іс-шарасын атап айтуға болады.

 

«Өткен жылы да қасиетті Ораза айы карантинге сәйкес келген болатын. Ол кезде біз мұсылман қауымын барынша санитарлық талаптарға мойынұсынуын, шектеулерге байланысты барлық ережелердің сақталуын қадағалаған болатынбыз. Биыл да бұл дерттің өршіп тұрғанына байланысты Ораза ұстайтын адамдар тек отбасы мүшелерімен бірге, аз  ғана топ арасында ауыз ашқан дұрыс. Ауызашар өткізу – шариғаттың талабы емес. Ең басты талап – шамасы  бар, дені сау адам таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден тиылу болып табылады. Ауызашар беру, өзге де мәдени, діни іс-шаралар ұйымдастыру ол қосымша ғибадат. Ал, қазіргі пандемиялық жағдайды ескеріп, ондай іс-шараларды уақытша тоқтата тұруға болады»,- дейді Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл ағамыз.

 

Діни басқарма мамандарының айтуынша, ораза ұстау – балиғат жасқа толған, дені сау адамға парыз. Сырқаттанып жатқан немес жол жүрген адамға ораза тұту – міндет емес. Сондықтан кейбір адамдар сапарда жүрген болса, ауруы ораза ұстауға кедергі жасайтын болса немесе ашығу сырқатына кері әсерін тигізетін болса, денсаулығына, өміріне зиян келтіретін жағдай болса ораза ұстамауға болады. Бұл жерде коранвируспен аурып қалған адамдар болса ораза тұтпаса болады. Кәрілік жеңген, емізулі баласы бар аналар, жүкті әйелдер, ауыр жұмыс жасайтын адамдар ораза ұстамаса болады. Ол туралы мына бір хадисте былайша баяндалады: «...Күмәнсіз Алла Тағала сапардағы адамға намазды қысқартып, ал оразаны жолаушыға және жүкті әйел мен емізулі әйелге міндеттемеді...». Бірақ кейін мүмкіндігі болған кезде қаза кеткен ораза ретінде кейін өтеуге болады.

 

Вакцина халал ма?

 

– Вакцинаға пәтуа бойынша дінде рұқсат бар. Салығызып жатқан екпенің құрамы қандай, халал ма, халал емес пе деген сауал туындауы мүмкін. Құрамына мән беру керек, "Спутник-V" туралы айтар болсақ, біздің арнайы мамандар осы екпені әзірлеген мамандармен кездесіп, толық мәлімет алып, халал екендігі туралы арнайы ақпаратқа қаныққан. Ол туралы өндірушілер де пәтуа айтқан. Біз де сол пәтуаға сүйенеміз. «Халал вакцина табылмаған жағдайда, құрамында халал қоспалар болмаған жағдайда не істейміз?»,- деген сауалға келер болсақ, қажет болған жағдайда бар вакцинаны қабылдауға шариғат рұқсат етеді деген пәтуаны шығардық. Халалдығы тексерілген, нақты анықталған ол әзірге – "Спутник-V" екпесі. Бұған қоса қазір Қытайдан екпе сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр деп естіп жатырмыз жаңалықтардан. Және де өзімізде өнідірілген вакцина тағы бар. Бұл туралы арнайы халал өніммен айналысатын бөліміміз бар. Уақытында олар жіті тексеріп, өздерінің тиісті шешімін айтатын болады,- дейді Хасан Аманқұл.

 

Биыл тарауық намазы оқыла ма?

 

– Тарауық намазы өткен жылы оқылмады. Дәл казір осы мәселе талқыланып жатыр. Жұма намазы сияқты емес, тарауық намазына өте көп адам келмейді. Сол мәселені ескере отырып, санитарлық талаптарды сақтай отырып, бәлкім тарауық намазын өткізе берсек пе деген ниет бар. Бірақ, әлі де жағдайға қараймыз, егер жағдай тұрақталып, ковидпен ауырғандар саны азая бастаса рұқсат беруіміз де мүмкін. Жағдай күшейіп кететін болса, барынша өткен жылдағыдай әркім тарауық намазын өз үйінде оқиды деп шешім айтуымыз да мүмкін,- дейді басқарма маманы Хасан Аманқұл.  

 

Діни басқармаға бағынышты Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров тарауық намазында санитарлық талаптар қатаң сақталған жағдайда қысқа сүрелер оқу, ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында ашық аспан астында өткізу, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топтар құрып, жамағатты сауапты істерге жұмылдыру жағына басымдық беру керектігін айтты. Сондай-ақ Батыржан Мансұров қасиетті айда онлайн және тікелей эфирде өтетін бірнеше жоба барын тілге тиек етті.

 

Пітір садақаның мөлшері қандай?

 

Биыл пітір садақаның мөлшері 420 теңге болып бекітілді. Діни басқарма мамандарының айтуынша, пітірдің  мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен өлшеніп отыр. Ал ұнның бағасын діни басқармаға өзге шаһарлар мен облыс орталықтары берген мәліметі негіз  болған.

 

Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қасиетті ай бойы «Рамазан – ұлық ай» атты тікелей эфир ұйымдастырылып,  әлеуметтік желілерде орталық мешіт парақшаларында облысқа белгілі  тұлғалармен «Рамазан – он екі айдың сұлтаны» атты күнделікті онлайн сұхбаттар өтетінін жеткізді. Бұдан өзге «Берекелі Рамазан» атты апталық марафон өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, «Халық арна» телеарнасының  тікелей эфирінде Рамазанға қатысты жаңа жобалар көрерменге жол тартпақ.

 

Былтыр Рамазан айы басталған сәтте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  құттықтауында мұсылмандарға үндеу тастап, былай деген еді:

 

«Иісі мұсылманның ұлық айы қасиетті Рамазанда мешіттің есігі жабылғанмен, сауаптың есігі жабылмайды. Бұл жақсылық жасап жарысатын ай. Көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды ұсынып, оларға қаржылай көмек көрсетсеңіздер, ауыз бекіткенмен бірдей сауап аласыз. Сауаптар еселеніп жазылатын мүбарак айда қараусыз қалған қарттарға, жетімдерге, көп балалы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсеткен абзал. Садақа – адамның мал-мүлкін азайтпайды, керісінше берекесін арттырады. Көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленуге мүмкіндік бар. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,-демекші берекелі айдың берекетінен құр қалмайық. Жақсылықта жарысайық».

 

Оразаға қатысты айтылған 7 түрлі қасиеттің бірінде «Ораза – сабырдың жартысы». Ал «Сабыр – иманның жартысы» делінген екен. Олай болса, жәннаттың есіктері ашылатын қасиеті айда Алланың разылығы үшін ораза тұтып, құлшылық етуге ниеттенген әрбір мұсылман баласының ниеті қабыл болсын! 

(Суреттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан алынды).

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: