Дұрыс қарым-қатынас орнату – табыс кілті

11 Мамыр 2017, 15:40 7651

Саясат Нұрбектен кеңестер

«Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбектің «Networking Lub» кездесуінде айтқан сөздерінен. 

 

Біздің қоғам вертикалды-горизонталды қарым-қатынастадан құралған. Сондықтан тамыр-таныстардың көп болуы — қызметте табысты болуыңызға тікелей әсер етеді. Мен бұл қағиданы шетелдегі оқуымды тәмамдап, елге оралғанда түсіндім. Өзіммен қатар оқыған таныстарым аз ғана уақыттың ішінде үлкен белестерді бағындырғанын байқадым. Мұны көрген мен өзімді одан сайын қамшылап, бұрынғыдан да көбірек жұмыс істедім. Бірақ тағы біраз уақыт өткен соң қарасам олар министрдің орынбасары секілді үлкен қызметке көтерілген. Сонда мен табысты болудың кілті тек қана еңбек пен білімде ғана емес, қызмет барысында пайда болған сапалы қарым-қатынаста екенін ұқтым. Демек, қызмет барысындағы орнаған таныстықты дұрыс пайдалана алуыңыз және сол ортада өзіңізді жақсы қырыңыздан көрсете білуіңіз әлдеқайда маңызды.  


Нью-Йоркте жүрген кезім. Демалыс күні Манхэттенге жаяу серуендеуге шықтым. Алпауыт компаниялардың ғимараттары мүлдем бос. Көшеде қыбырлаған жан жоқ. Бір уақытта өте қатты әжетханаға барғым келіп кетті. Жан-жағыма қарасам – барлық ғимараттардың есіктері жабық екен. Бір уақытта есігі ашық тұрған «Chase Manhattan» банкінің есігіне асыға басып кірдім. Менің келгенімді байқаған ұзын бойлы, сымбатты, қара нәсілді жігіт алдымнан жүгіріп шығып: «Қайырлы таң, сэр! Әжетхана мына жақта» деді. Бұл менің не үшін келгенімді қайдан білді деген таңқалысымды жасыра алмай өтіп кеттім. Әжетханадан шығып келе жатқанда әлгі жігіт қолына банк туралы ақпараты бар қағаздарын алып алдымнан шықты. «сэр, мен сіздің көздеріңізден байқап тұрмын, сізді алда үлкен табыс күтіп тұр. Сондықтан болашақта сенімді банк іздесеңіз – мен әрдайым сізге көмектесуге дайынмын. Мынау менің визиткам, кез-келген уақытта хабарласыңыз». Мұндайды күтпеген мен: «бауырым, сен менің әжетхана іздеп келгенімді, әзірге ақшам жоқ, бірақ болашақта табысты болатынымды қайдан білдің?» деп сұрадым. Сонда ол маған: «Біздерді мұның барлығына үйретеді.  Менің мақсатым – біздің банкке келген кез-келген адам, мейлі ол жай өтіп бара жатқан адам болсын, ғимаратымыздан жақсы сезіммен шығуын қадағалау» деп жауап берді.

Әлемнің алпауыт компаниялары «эмоционалды интеллект» жүйесіне жаппай көшуде. Бұл тұтынушы туралы мүмкіндігінше көп ақпарат алып, оған мейлінше ұнайтын тауар өндіріп шығу. Жеке адамдардың қарым-қатынасында да осы жүйе жақсы жұмыс жасайды. Алайда мұны жағымпаздықпен шатастыруға болмайды. Жасанды жағымпаздық, «Сәке, Бәке» дегенді мен де жақтырмаймын. Ал адамдармен тең дәрежеде дұрыс қарым-қатынас орната білу – сізді табысты адам етеді. Алайда бұл бүгіннен бастап барлығымен реті кетсін, келмесін таныса беру керек деген сөз емес. Саны көп, сапасы жоқ таныстардан еш пайда жоқ. Оның орнына айналаңыздағы ең жақын деген бес-алты әріптесіңізбен сенімді қарым-қатынас орнатыңыз. Бос уақытыңызды сол адамдарға арнаңыз.

«Жоқ» деп айтып үйреніңіз. Мен өз басым осы әдетімнен қатты зардап шектім. Көмек сұрап келген адамдарға өзімнің негізгі шаруамды тастай салып кірісіп кететінмін. Бастапқыда «осыншама көп адамға көмектесіп жатырмын, ертең керек кезде олар да маған көмектесер» деп ойлайтынмын. Ал шын мәнінде барлығы керісінше болып шықты. Әрине, көмектескен жақсы. Бірақ өзіңнің қойған мақсатыңа кедергі келтіретін болса, ондай өтініштен бас тартқан жөн.

Бөлісу: