Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін қалай үйреніп жүр?

7 Ақпан 2023, 15:30 3375

Қазақстанды көпұлтты мемлекет дейміз. Солардың арасында ең көп кездесетін этнос өкілдері – орыстар. Олардың Қазақстандағы үлесі 3,5 миллион адам. Бүгінде елімізде тұрып жатқан орыстардың қазақ тілін білу деңгейі, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрді қаншалықты ұстанатынын этнос өкілдерінің өздерінен сұрап білдік.

Алғашқы кейіпкеріміз – Игорь Графов. Ол 2009 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келді. Қазіргі таңда Атырау қаласында жұмыс істейді. Отбасын да осында құрған. Ол Қазақстанға келе салысымен ең алдымен тіл үйрене бастағанын айтады.

«Қазақстанға келе салысымен қазақ тілін үйрететін сабақтарға қатыстым. Қазақ тілі – бай тіл екеніне тағы да бір көзім жетті. Бастапқыда тіл үйрену қиынға соқты. Сондықтан бірнеше курстарға бардым, біраз уақытымды жұмсадым. Қазір қазақ тілін білу деңгейім біршама өсті. Дегенмен сөйлейтін кезде әлі де қиналамын», - дейді ол.

Көп уақытын жұмысқа арнағандықтан қазақ тілін жеткілікті деңгейде үйрене алмағанын айтады. Сондай-ақ ол осы жылдар аралығында Қазақстанның табиғатын, дәстүрін және мәдениетін зерттеп, танысқан. Бірнеше өңірді аралап, өзіне достар тауып үлгеріпті.

«Қазақстанның табиғаты мен мәдениеті өте бай және оның құндылықтары тереңде жатыр. Өзім әрдайым садақа беріп жүремін. Сонымен қатар, Бесік той, Құдалық,  шашу секілді дәстүрлерді білемін. Қазақстанмен ұқсас дәстүрлер бізде де кездеседі», - дейді Игорь.

Әлеуметтік желіде «русская келін» деген атпен танылған жас блогер Кристина Бейсеновамен де сұхбаттастық. Ол қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, үлгілі келін атанған. Қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алмаса да, салт-дәстүрді берік ұстанатын нағыз қазақ келіні ретінде белгілі.  

Оның әлеуметтік желідегі қазақы салт-дәстүрді берік ұстанып, қазақ және орыс тілінде отбасылық, келіндік өмірінен түрлі сюжеттер көрсететіні желі қолданушыларына ұнайды.

«Қазір қазақ тілін өз ортамнан үйреніп жүрмін. Отбасым да толықтай қазақша сөйлейді. Өзімді нағыз қазақ келінімін деп айта аламын. Себебі қазақтың барлық дерлік салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын үйрендім және оны күнделікті өмірімде ұстанып жүремін. Осы үйренгендерімнің барлығын әлеуметтік желіге жүктеп, жас келіндерге қолдау білдіріп отырамын. Осылайша, желі үшін блог түсіру хоббиыма айналып кетті», - дейді Кристина. 

Келесі кейіпкеріміз жақындарының арасында «өзіміздің қазақ» атанып кеткен Иван Григорьев. Жасы 32-де. Өзі туып өскен ауылдың жалғыз қазақ мектебінде оқып, 6 жасынан бастап қазақ тілін үйрене бастаған.  

«Тарихта өз жәрмеңкесімен әйгілі Қоянды ауылында дүниеге келдім. Қазақ тілін мектепте үйрендім. Ұстаздардың, достарымның көмегімен жарты жылда қазақ тілін қатарымдағы балалармен тең дәрежеде сөйлей алатындай үйрендім. Білгенімнің пайдасы, кез келген ортаға барғанда екі тілде бірдей сөйлей беремін. Қазіргі таңда «Алтай Полиметаллда» жұмыс істеймін», - дейді ол.

Айтуынша, Иван отбасында қазақ тілінде жақсы білетін жалғыз жан.

Келесі кейіпкеріміз Ресейден Қазақстанға оқуға келген – студент Анель Дюсекенова.   Қазіргі таңда Анель Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде журналистика мамандығы бойынша 1-ші курста оқып жүр. Қазақстанға келгеніне 7 айдың шамасы болса да, қазақ тілінде сөйлеуге деген талпынысы жоғары. Оқуын бітірген соң Қазақстанда қалу туралы жоспары бар екенін де айтып қалды.

«9 сыныпта оқып жүргенімде жоғары білімді Қазақстанда аламын деп шештім. Дегенмен ата-анам қарсы болды. Кейін, менің қалауымды қолдады. Нәтижесінде жоғары оқу орнына грантқа түсіп, қалаған мамандығыма түстім.  Қазақ тілін үйреніп бастағаныма 6 ай болды. Қазіргі таңда 50/50 білемін деп айта аламын», - дейді Анель.

Бұған дейін Анель Қазақстанға бірнеше рет келген. Туыстарының көбісі осында тұрады. 2018 жылы «Х фактор» жобасының Павлодардағы кастингіне қатысып, үздіктердің қатарына кіріп, бірнеше кезеңдерден сүрінбей өткен. Қазақша әуендерді жақсы көретінін және отандық футболшыларға жанкүйер екенін айтады.

«2020 жылы «Астана» футбол клубының гимніне орындаған кавер нұсқа   әлеуметтік желіде біраз танымал болды. Ол кезде жасым небәрі 15-те еді. Бұл туралы бірнеше басылымдар жазды. Менің өнерімді бағалаған жандарға риза болдым», - деді Анель.

Келесі тағы бір кейіпкеріміз Маргарита Боярова. Ол әлеуметтік желіде қазақ тілін үйрететін маман ретінде белсенді. Оның YouTube каналында 13 мыңға жуық тіркелушісі бар. Қазақ тілін үйрететін түрлі бейнежазбалар мен қызықты блогтар түсіреді. Сонымен қатар, қазақ тілін үйрететін жеке курстың авторы. Мемлекеттік тіл аясындағы жобаларға белсенді қатысып, өз пікірімен бөлісіп отырады. Әлеуметтік желі арқылы өзге елдің азаматтарына қазақтың тілін ғана емес, мәдениеті мен табиғаты туралы да мағұлмат беріп отырады.

Миражан Махан
Бөлісу: