«Өзенмұнайгаз» бен Жаңаөзеннің мердігер ұйымдарында бірқатар бұзушылық анықталды

27 Сәуір 2023, 20:04 878

ҚМГ арнайы жұмыс тобы Жаңаөзенде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚМГ баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс тобының мүшелері қаржы-шаруашылық қызмет бағытында есеп құжаттамаларын тексеруде.

Осы уақыт аралығында ондаған бұзушылық анықталып, оларға алдағы уақытта құқықтық баға беріледі.

Жұмыс тобының жетекшісі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов анықталған кейбір бұзушылықтар туралы баяндады.

Д.Хасановтың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» компаниясында жұмыс орындарына келмеген қызметкерлерді жұмысқа орналастырған фактілер анықталған. Осындай жағдайлардың бірі, ақтаулық белгілі айтыскер ақын алдымен штатта теолог, кейіннен қоғаммен байланыс жөніндегі маман қызметін атқарған.

Компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеумен айналысатын бөлімшелердің мамандықтары бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері бар, – деп қосты ол.

Жұмыс тобының жетекшісі атап өткендей, бірқатар жүк көлігінің GPS деректерін уақыт кестелерімен салыстырған кезде, деректердің сәйкес келмегені анықталған.

Яғни автомобильдер нақты жүріп өткен уақыт аралығын табельдерде асыра көрсеткен. Тиісінше, атқарылған жұмыс үшін төлем де асыра бағаланды, – деп атап өтті Д.Хасанов.

Сондай-ақ, жұмыс тобы мұнай өндіретін жабдықты жалға алу қызметі бірнеше есе жоғары бағаға көрсетілген жағдайды анықтады. Осылайша, сервис көрсететін компаниялардың бірі «Өзенмұнайгазға» әмбебап электр орталықтан тепкіш сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жалға берген. Өңірдегі басқа мұнай өндіруші компанияның дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан, атап айтқанда тәулігіне ұңғымаға 39,7 мың теңге.

ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары сатып алу саласынан тағы бір мысал келтірді. Атап айтқанда, ӨМГ ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алды. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан. Жеткізу мерзімі – 2022 жылдың 31 желтоқсаны. Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжаттамасында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда, тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшектерінің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған.

Жұмыс тобы өндірістік және экологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзған жағдайларды жою үшін ӨМГ мен мұнай сервис компанияларына ұсыныстар мен тапсырмалар берді. Мысалы, бірқатар нысанда ғимараттар мен құрылыстар бойынша жобалау құжаттары жоқ, желдету жүйесі қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес келмейді. Ұңғымаларды жөндеу жұмыстары кезінде экологиялық нормалар сақталмайды, оның ішінде ұңғымаларды жерасты және күрделі жөндеу кезінде қорғаныш пленкалары жоқ, үйінділер қойма ретінде пайдаланылады, ластанған топырақ уақтылы алынбайды.

Д.Хасанов Жаңаөзен кәсіпорындары қызметкерлерінің шағымдарын тексеру мәселесіне жеке тоқталды. Белгілі болғандай, ӨМГ-нің кейбір мердігер ұйымдарында зейнетақы аударымдарын 2-3 айға кешіктірген жағдайлар бар, көлік қызметін ұсынатын мердігер ұйымдардың қызметкерлері арнайы киіммен және тамақпен қамтамасыз етілмейді, үстеме жұмыс уақыты асып кеткен жағдайлар тіркелген. Әрбір аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

Жалпы, жұмыс жалғасады. Бұл анықталған жергілікті бұзушылықтардың кейбір мысалы ғана. Жаңа фактілер туралы біз жұртшылықты хабардар етіп отырамыз. Анықталған бұзушылықтардың әрбір тармағы бойынша құқықтық баға берілетін болады. Барлық жауаптылар құқық бұзушылықтардың ауырлығына байланысты жазаланады. Тиісті құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсырамыз, – деп түйіндеді Д.Хасанов.

EL.KZ
Бөлісу: