Өзендердегі су тасқыны қаупі бар учаскелерде 42 жаңа гидрология бекеті салынады

1 Тамыз, 09:15 435

2024 жылдың алты айында Экология және табиғи ресурстар министрлігі гидрометеорология қызметін жаңғыртуға және 2 млрд ағаш отырғызуға бағытталған бірқатар негізгі жобаны жүзеге асырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЭТРМ мәліметінше, еліміздің күрт континенттік климаты жағдайында климатқа болжамдардың дәлдігін арттыру және қоршаған ортаны қорғау үшін жаңа шаралар әзірленіп, енгізілуде. Сондай ведомство экология заңнамасын бұзғандар жазаланып жатқанын алға тартты.

Биылғы бірінші жартыжылдықта Экология министрлігі 489 экологиялық тексеру жүргізді. 1331 экология заңнамасын бұзушылық анықталып, 860 ұйғарым жасалды. Нәтижесінде 40 млрд теңгеден астам сомаға 1022 әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде 13,3 млрд теңгеге 884 айыппұл өндірілді, - делінген мәліметте.

Әкімдіктермен және жұртшылықпен бірлесіп өңірлердің экология проблемаларын кешенді түрде шешу бойынша 532 іс-шараны қамтитын 18 жол картасы әзірленді, оның ішінде 164-ін биыл іске асыру жоспарлануда. 

Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы жыл басынан бері қол жетімді ең жақсы техниканың үш анықтамалығын жасап жатыр.

Ауа райы болжамдары мен гидрология деректерінің дәлдігін қамтамасыз ету үшін қосымша 114 метеорология стансасын, 167 агрометеорология бекетін, 139 гидрология бекетін және 143 экология бекетін ашу қажет. Осыған байланысты Экология министрлігі Қазақстанның Ұлттық гидрометеорология қызметін дамытудың және жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі, - деп қосты министрлік.

Сондай-ақ биыл «Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде ашу жоспарланып отырған гидрология бекеттерінің тізбесі қайта қаралды.

2030 жылға дейін мониторингпен қамтылмаған еліміздегі жазық аумақтағы өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде 42 жаңа гидрология бекетін салу жоспарлануда. Бұл бекеттер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Қарағанды облыстарында, Ұлытау өңірінде, сондай-ақ Қытаймен және Ресеймен трансшекаралық өзендерде орналасатын болады. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: