2025 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша Өзбекстанның жиынтық сыртқы қарызы 72,2 миллиард долларға жетіп, алты айда 8,1 миллиард долларға (12,1%) өскен. Бұл туралы елдің төлем балансы, халықаралық инвестициялық жағдайы және сыртқы қарызына арналған Өзбекстан Орталық банкінің есебінде айтылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Орталық банктің мәліметінше, сыртқы қарыздың жалпы көлемі былай бөлінеді:
мемлекеттік қарыз – 36,8 миллиард доллар (бірінші тоқсанда – 35,8 млрд);
корпоративтік қарыз – 35,4 миллиард доллар (бірінші тоқсанда – 32,6 млрд).
Gazeta.uz мәліметінше, алты айдағы өсімнің негізгі бөлігі корпоративтік сектор есебінен болған: жыл басынан бері мемлекеттік қарыз 2,9 миллиард долларға, ал корпоративтік қарыз 5,2 миллиард долларға артқан.
Банк өкілдері еске салғандай, елдің сыртқы қарызы екі бөліктен тұрады – мемлекеттік және жекеменшік (корпоративтік). «Жекеменшік» санатына кіретіндердің едәуір бөлігі мемлекет қатысы бар компаниялар мен банктерге тиесілі. Олардың қатарында UzAuto Motors, «Узбекнефтегаз», Өзбекстанның Ұлттық банкі, «Узсаноатқурилишбанк» секілді ұйымдар бар. Бұл кәсіпорындар бұған дейін халықаралық нарықта миллиардтаған доллар көлемінде облигациялар шығарған.
2024 жылы Өзбекстанның жалпы сыртқы қарызы 10,8 миллиард долларға өсіп, 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткен. Бұған ұқсас серпін тек пандемия кезеңінде – 2020 жылы (+9,2 млрд) және 2023 жылы (+9,8 млрд) тіркелген еді.
2020 жылмен салыстырғанда Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 72%-ға, ал корпоративтік қарызы шамамен 2,8 есеге артқан. Жалпы, сыртқы қарыз өсімінің қарқыны бойынша Өзбекстан Орталық Азияда көш бастап тұр: 2020 жылдан бері елдің жиынтық сыртқы қарызы 2,1 есе ұлғайған.
Салыстырып қарасақ, осы кезеңде Қырғызстанның сыртқы қарызы 41,3%-ға, Қазақстанда – 5,4%-ға, Тәжікстанда 6%-ға ғана артқан. Номиналды көлем бойынша аймақтағы көшбасшы – Қазақстан. 2025 жылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес, оның жиынтық сыртқы қарызы 172,8 миллиард долларды құраған.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов бұған дейін жеке сектор қарызының құрылымын түсіндіріп өткен. Оның айтуынша, бұл қарыздың басым бөлігі ірі мұнай-газ компанияларына тиесілі.
Мысалы, Chevron, Shell, Eni, ExxonMobil секілді трансұлттық корпорациялар. Олар Қазақстандағы қызметін көбінесе Нидерланд арқылы құрылымдайды. Сол себепті қарыз Қазақстанның емес, осы компаниялардың өздерінің Нидерландтағы бас ұйымдары алдындағы міндеттемесі болып есептеледі, – деді ол.
Сүлейменов сондай-ақ сыртқы қарыздың абсолюттік көлеміне емес, оның ЖІӨ-ге қатынасына назар аудару керек екенін атап өтті.
2018-2019 жылдары сыртқы қарыз шамамен 160-170 миллиард доллар болған. Бірақ сол кезде ЖІӨ деңгейі де шамалас еді, яғни қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 110-120%-ға жеткен. Қазір бұл көрсеткіш 57-58%, яғни борыштық жүктеме айтарлықтай азайды. Сондықтан бастысы – елдің өсуі мен қарыздың арақатынасын бағалау, – деді ол.
2024 жылы Өзбекстанның жиынтық сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 55,7%-ына жетті (2023 жылы – 51,9%).
Соңғы жылдары елде мемлекеттік қарыздың өсу қарқыны баяулағанымен, корпоративтік қарыз айтарлықтай артқан.
Өзбекстанның вице-премьері, экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров елдің тұрақты экономикалық өсу жағдайында ірі инвестицияларға, соның ішінде сыртқы қарыз есебінен қаржыландыруға мұқтаж екенін айтқан.
Айта кетсек, Өзбекстан Экономика және қаржы министрлігі соңғы рет 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз жөнінде егжей-тегжейлі түсініктеме берген еді. Онда қарыз келісімдерінің тізімі, сомасы, пайыздық мөлшерлемесі, кредиторлар мен жауапты министрліктер көрсетілген болатын. Содан бері мұндай толық ақпарат жарияланбай келеді.
Елдің Орталық банкі де соңғы рет 2022 жылдың алғашқы тоқсанының нәтижелері бойынша сыртқы қарыз құрылымына талдау жасаған.
Салыстырмалы түрде алғанда, Қазақстанның Ұлттық банкі өз елінің сыртқы қарызы жөнінде әлдеқайда ашық статистика ұсынады – онда қарыздың елдер, салалар, валюталар, кредиторлар мен қарыз алушылар секторы бойынша бөлінісі, сыйақы мөлшерлемелері мен төлем кестесі көрсетіледі.