Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдердің әлеуеті жетеді.
Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазіргі кезде жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылады. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайтып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға әзірміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.