Қайғылы оқиға 17 желтоқсанда болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Gazeta.uz порталының мәліметінше, 44 жастағы күзетші таңғы сағат бес шамасында тордан шығып кеткен арыстандарды көріп, оларды қайтадан торға кіргізбек болғанда шабуыл жасалған.
Ер адамның бөлшектелген денесі тек таңғы сағат тоғызда, зообақ қызметкерлері жұмысқа келгенде табылған. Қызметкерлер екі арыстанды арнайы дәрі арқылы ұйықтатып, қайтадан торға кіргізген, ал үшінші арыстанды атып өлтіруге тура келген.
Оқиға орнына аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші тобы, аудан прокуроры, аудандық прокуратураның тергеушісі, облыстық экология басқармасының қызметкерлері және арнайы қаруланған жасақ жеткен. Зообақ толық тексеріліп, сот-медициналық және ДНҚ сараптамалары тағайындалған.
Сонымен қатар, парктегі барлық жыртқыш жануарларға тексеру жүргізілді: олардың барлығы өз орындарында, торлары мықтап жабылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта Паркент ауданы прокуратурасының тергеу-оперативтік тобы, Экология министрлігінің мамандары және Ташкент зообағының сарапшылары қажетті тексерістер мен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.