Гала-концерттер Өзбекстанның басқа қалаларында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Өзбекстанда Қазақстанның мәдениет күндері аясында Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Үлкен театр сахнасында «Абай» операсының көрсетілімі өтті,
Тарихи туындыны Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының шығармашылық ұжымы ұсынды.
Қойылымға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов келді.
Ол залда жиналған көрермендерге бауырлас қазақ халқының ыстық сәлемін жеткізіп, Қазақстанның мәдениет күндерін ұйымдастыруға көмектескені үшін өзбек тарапына алғысын білдірді.
Бірнеше күн ішінде Өзбекстанның ірі қалаларында қазақстандық фильмдердің көрсетілімдері, артистеріміздің гала-концерттері және басқа да іс-шаралар өтті. Қазақстанның мәдениет күндерін «Абай» операсының көрсетілімі аяқтайды. Абай Құнанбайұлы - қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлем үшін даңқты тұлға. Абай әрқашан адамзат баласын сүюге шақырған. Осы қағидаларға сүйене отырып, біз өзбек әріптестерімізбен қарым-қатынасты нығайту бағытында жұмыс істейміз деп уағдаластық. Өзбекстан Республикасының мәдениет және туризм министрлігіне рухани қолдау көрсеткені және көмектескені үшін ерекше рахмет айтамын, - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрі.
Министр Өзбекстанға жұмыс сапары аясында Ташкенттің бірқатар тарихи-мәдени ескерткіштерін аралады. Бұл Төле би кесенесі және әлемдегі ең көне Құран қолжазбасы сақталған Хаст-Имам мешіті.
Сонымен қатар, Асхат Оралов өзбек әріптесі Озодбек Назарбековпен екіжақты кездесу өткізді. Онда екі елдің мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастығы талқыланды.
Ташкенттегі «Түркістан» өнер сарайында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» МКҰ артистерінің гала-концерті өтті. Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Әлішер Кәрімов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рухия Байдүкенова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубай, Салтанат Меңдіғалиева, Дидар Әбдіхалық, GULDER ансамблі мен TURAN этно-фольклорлық ансамблінің артистері шықты.
Гала-концерттер Өзбекстанның басқа қалаларында да өтті.