Өзбекстан билігі сақал қойғандар мен хиджаб кигендерді тексеруді бастады

18 Қыркүйек 2023, 10:10 18086

Өзбекстанда сақал қою мен хиджаб киюге қарсы тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

 «Радио Озодлик» сайтының редакциясына бірнеше студент қыздан хат келген. Оларға «орамалдарыңды басқаша тағыңдар» деген шарт қойылған. Айтуларынша, мұндай талапқа бағынудан бас тартқандар оқу орнына жіберілмейді.

Әндіжан қаласындағы Банк колледжінің студенттері атынан хабарласып отырмыз. Хиджаб киетіндерден орамалды басқаша байлап, артқы жағынан түйін жасауды талап етіп отыр. Бұл қаншалықты заңды? - дейді шағым білдірушілердің бірі.

«Ар-ождан бостандығы және діни ұйымдар туралы» заңның 14-бабында (жаңа редакцияда) Өзбекстан азаматтарына, оның ішінде діни ұйымдарда жұмыс істейтіндерді қоспағанда, қоғамдық орындарда «діни» киім киюге рұқсат етілмейді деп көрсетілген.

Студенттер арасында хиджаб киюге тыйым елдің басқа аймақтарында да байқалады.

Бұхара инженерлік-технологиялық институтының 3-курс студенті Фатима Абдуллох Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзияеваға үндеу жасады.

Институттың проректоры, оның кеңесшісі, деканның орынбасары мен тәлімгері хиджабымды шешуге мәжбүр етті. Құрметті Саида Шавкатқызы! Хиджаб киген студенттердің оқу орындарына баруына тыйым салынбайды, сол үшін біздерді қорғауларыңызды сұраймын. Институт басшылығы хиджабты шешуге мәжбүрлемей, сабақ жүргізе алмайтын мұғалімдерді тексерсін, - деп жазды ол.

Бұдан бөлек елде сақал қоюға қарсы да рейд жүріп жатыр. Facebook қолданушысы Алихонтура Шокиржон Угли өз парақшасында Ташкенттің Сіргелі ауданындағы базарда сақалға қарсы рейд өткенін мәлімдеді. Айтуынша, тексеру жұмыстары барысында сақал қойған 10 жігіт ұсталып, кейін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Бүгін ақшам мен құптан намазы арасында қара бетперде киген адамдар Заңғыата және Янгийуль аудандарында тұратын хиджабтағы тұрғындардың үйлеріне басып кіріп, тінту жұмыстарын жүргізді. Адамдар діні мен наным-сенімдерін жасырып өмір сүретін заман келді, - деп жазды ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: