Өзбекстан атынан әлем чемпионы атанған этникалық қазақ Руслан Абдуллаев ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Руслан кәсіпқой шаршы алаңда атой салу үшін АҚШ-қа аттанды.
Ол мұндай шешімді Париж олимпиадасынан соң қабылдаған. Естеріңізде болса, Франция астанасындағы аламанда 63,5 келіде өнер көрсеткен Руслан ширек финалда канадалық Уайатт Сэнфордке жол берді - 1:4.
Енді ол АҚШ-қа келісімшарт жасасуға аттанды. Боксшының қолдаушылары оның абсолютті әлем чемпионы атануына тілектестік білдірген.
Еске салсақ, бұған дейін Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Киличев «Студия бокса Виктора Ялымова» Youtube-арнасына берген сұхбатында Русланның соққылары жойқын екенін айтқан.
Руслан — соққылары мығым, шойынбалға секілді боксшы! Қолдары алтын. Егер ол кәсіпқой боксқа дұрыстап дайындалса, онда барлық атақты оп-оңай алатынына күмән жоқ. Он айқастан соң-ақ ол төрт чемпиондық атаққа қол жеткізеді. Мен мұны оның бапкері, бұрыннан білетін адам ретінде айтып отырмын. Кәсіпқой бокс қолғабын кисе, бәрін тас-талқан ететіні анық, - деген болатын Киличев.