12.11.2025
20:15
401
Өз қан тобыңды білу неліктен маңызды? Дәрігер жауап берді

Өз қан тобыңды білу неліктен маңызды? Дәрігер жауап берді

Қан тобы – медициналық картадағы ресми белгі ғана емес, түрлі жағдайларда – күтпеген оқыс оқиғаларда да, қуанышты сәттерде де (мысалы, сәбидің дүниеге келуі кезінде) қажет болатын аса маңызды дерек, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Медицина ғылымдарының докторы, Дмитрий Рогачев атындағы Балалар медициналық орталығының трансфузиология бөлімінің меңгерушісі Павел Трахтман әр адам өз қан тобы мен резус-факторын білуі не үшін маңызды екенін түсіндірді.

Қан тобы – бұл тұқым қуалайтын биологиялық белгі. Ол эритроциттердің (қызыл қан жасушаларының) бетінде белгілі бір антигендердің болуымен немесе болмауымен анықталады. Ең маңыздысы, АВ0 жүйесі, оған сәйкес 0 (I), A (II), B (III) және AB (IV) топтары бар. Сондай-ақ резус жүйесі (Rh) адамның резус-факторының оң немесе теріс болуын айқындайды, – дейді маман Sport-express.ru-ға берген сұхбатында.

Дәрігердің айтуынша, төтенше жағдайда, әр секунд маңызды болған сәттерде, өз қан тобы мен резус-факторын білу өмірді сақтап қалуы мүмкін. Бұл дерек дәрігерлерге ауыр жарақат, көп қан кету немесе күрделі операция кезінде шұғыл қан құю шарасын барынша тез атқаруға мүмкіндік береді.

Әрине, қан құю алдында міндетті түрде сәйкестікті тексеру жүргізіледі. Дегенмен өз тобыңды алдын ала білу дәрігерлердің уақытын үнемдеп, тиісті донорды жылдам табуға көмектеседі, – дейді Павел Трахтман.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәлімет донорлық жүйеде де үлкен рөл атқарады. Мысалы, бірінші топтағы адамдар әмбебап донорлар болып саналады, себебі олардың қанын кез келген адамға құюға жарайды. Трахтманның айтуынша, бұл дерек көпшілікті донорлық қозғалысқа қосылуға шабыттандырады.

Алайда қан тобы мен резус-фактор тек төтенше жағдайлар мен донорлықта ғана емес, жүктіліктің қалыпты өтуінде де аса маңызды.

Болашақ ата-аналардың резус-факторы туралы ақпарат – дені сау сәбидің дүниеге келуінің басты кепілі. Егер ананың резус-факторы теріс, ал әкенікі оң болса, резус-қақтығыстың қаупі бар. Мұндай жағдайда ананың иммундық жүйесі нәрестенің қанына қарсы антиденелер шығара бастайды. Қазір медицинада бұл мәселе арнайы анти-резус иммуноглобулин вакцинасымен шешіледі. Бірақ ең бастысы – әйел өз резус-факторының теріс екенін алдын ала білуі керек, сонда дәрігерлер дер кезінде шара қолдана алады, – деп түсіндірді дәрігер.

Сонымен қатар маман қан тобы мен резус-фактор төңірегінде шындыққа жанаспайтын түрлі мифтердің де бар екенін еске салды.

Көпшілік арасында қан тобы мен белгілі бір аурулардың арасында байланыс бар деген пікір тараған. Мысалы, төртінші топтағы адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына бейім келеді деген зерттеулер бар. Бірақ олардың нәтижелері дәлелді емес. Себебі қан тобы бұл генетикалық белгі ғана, ал адамда 20-25 мың ген бар. Бір геннің ауруға нақты әсерін дәлелдеу өте қиын, – дейді Трахтман.

Маманның айтуынша, қан тобына қарай тамақтану немесе мінез-құлықты болжау секілді «танымал теориялар» да ғылыми негізге ие емес.

Мысалы, Жапонияда қан тобы арқылы адамның мінезін анықтайтын «кэцу-эки-гата» деген философия бар. Бірақ бұл ғылыми әдіс емес, мәдени дәстүр мен ойын-сауықтың бір түрі ғана. Қан тобы мен резус-факторды білу – өте маңызды, бірақ оған шамадан тыс мән бермей, дәлелді медицинаға сүйену қажет, – деп түйіндеді профессор.