Өз бақытын жақыннан тапқан Бейсен Құранбек көпшіліктің есінде несімен қалды?

18 Мамыр 2023, 10:15 16973

Осыдан үш жыл бұрын 18 мамырда белгілі журналист, тележүргізуші, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек дүниеден өткен болатын. Өзі кетсе де, қаншама шәкірт тәрбиелеп, өнегелі ісімен көпшілікке үлгі болған жанның есімі өшпек емес. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі марқұмның әріптестерімен тілдесіп, өткен күндерді бір еске түсіріп көрді.

Бейсен Құранбек – журналистика саласында ғана емес, өмірде де көпке үлгі, жүрген жерінде өзінің ақыл-кеңесін айтып, айналасына қамқорлық көрсеткен жан болды. Бұған әріптестерімен әңгімелескенде тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Бейсен туралы тоқтаусыз айта беруге болады

49 жасында дүниеден өткен танымал журналистің кәсіби карьерасы республикалық «Спорт» газетінен басталған. Өткен ғасырдың 90-жылдары атағы дүрілдеп тұрған газетке  оны жұмысқа белгілі қаламгер, бас редактор Несіп Жүнісбайұлы алған болатын. Атақты Сейдахмет Бердіқұловтың «бешпентінен» шыққан Жүнісбайұлы да болашағы бар баланы тай күнінен тани білетін. Бейсен де жерлес ағасының жұмысқа келген кезде қатаң мінезіне шыдас беріп, аз уақыттың ішінде журналист маман ретінде қалыптасып, тұлға ретінде өсті. Шығармашылығы да шындалып, көпшіліктің сұранысына ие болды.  

Бүгін де жетпістің екеуіне келген зейнеттегі редактор Бейсен туралы көп дүниені тоқтаусыз айта беруге болады деп отыр.

1991 жылы 23 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінің спорт бөлімінен республикалық «Спорт» газетіне бас редактор болып ауыстым. Ол кезде елімізде спорт журналистері өте аз болатын. «Спорт» газетінде қызметкерлер жетіспегендіктен жан-жақтан тағы да мамандар іздей бастадым.  Ол кездері редакцияға оқырмандардан хат келетін. Бүгінгідей емес, келген хаттардың біреуінде қалдырмай оқимыз және сақтап қоятынбыз. Сөйтіп, бір күні хаттардың арасынан бір парақтың жартысына жазылған хабарды көзім шалды. Ашып оқысам «Үштөбеде спорттың осындай түрінен жарыс өтті. Онды мынадай жағдайлар болды...» деген шағын ақпарат жазылған. Парақты қайта-қайта оқыдым. Талант деп айтуға келмейді. Дегенмен, жазуға деген, спортқа деген ұмтылыс пен қызығушылықты сездім. Өзіммен өзім риза болып, орынбасарларымды шақырып мына жігітті табыңдар дедім, - дейді Несіп Жүнісбайұлы.

Бас редактор ол кезде хат жазған адамды табу қиын еді, бүгінгідей қалағанынды бірден таба алмайсың. Дегенмен іштей үміт болды. Арада 4-5 ай өткенде орынбасарларым тауып, сөйтіп оны редакцияға шақырдым деп отыр.

Жоғарыда айтқанымыздай, журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалдыруға жарайтын шәкіртті тез танитын Жүнісбайұлы Бейсенді алғаш көрген кезде-ақ оның болашағы жарқын, білікті маман болатынына сенгенін айтады. Өзінің қарапайымдылығымен көзге түсетін, жүзінен ерекше  жылулық сезіліп тұрушы еді деп еске алды. Тағы бір қасиеті адамның сөзін үзбей тыңдап отыратыны деп отыр. Үлкенге құрметін, кішіге ізетін көрсете білген.

Бейсенжанның «Мен журналист болуды емес, футболшы болуды армандадым» деген сөзі бар еді. Бейсен шығыс жекпе-жек өнеріне қатты қызықты. Ол айкидо спортымен белсенді айналысқан. Менің балаларым тіпті Бейсенді «айкидо ағай» деп атады, - дейді ардагер журналист.

Несіп аға, Бейсенді өз балаларынан кем көрмегенін айтып отыр. «Менің төрт балам болса, Бейсен менің бесінші балам сияқты өсті» дейді.

Өз бақытын жақыннан тапқан

«Спорт» газетінде бас редактордың орынбасары болған, белгілі журналист, марқұм Сайын Тұрсынов та Бейсенді өзінің баласындай көріп, әрдайым «Бейсенжан», «балам», «айналайын» деп айтып отырған екен.

Бейсен Құранбек пен жары Гүлмира Қадырқызын табыстырған да осы «Спорт» газеті көрінеді. Олар бір редакцияда жұмыс істеп, кейін отбасын құрды. Несіп Жүнісбайұлы сол кездердің барлығы құдды кеше ғана болғандай деп, тағы бір мәрте еске түсірді.

Сайын Тұрсынов редакцияға корректор ретінде жоғары білімді, өте сауатты деп Гүлмираны жұмысқа алуға ұсыныс білдірді. Менде қарсыласпай, бірден қабылдадым. Ол кезде екеуі де бойдақ болатын. Бірақ бір редакцияда істесе де, онша-мұнша сөйлесе қоймайтын. Екеуі де сабырлы жандар, көп сөзге жоқ. Сөйтіп, бір күні Сайын екеуміз Бейсен мен Гүлмираны таныстырайық, табыстырайық деп шештік. Түптің түбінде екеуі  бір-бірін түсініп, жақын араласып кетті, бір-бірін жақсы көрді. Нәтижесінде Кербұлақ ауданына барып үйлену тойын жасап, көппен бірге қуаныштың куәгері болдық, - деп өткен күндерді Несіп Жүнісбайұлы жымиып еске алды.

Уақыт қанша зымырап өтсе де, жақсы адамдар туралы естеліктер жадымызда мәңгі қалатыны белгілі. Ол Бейсенді маман ретінде тәрбиелеп, қабілетін шыңдап кейін телеарнаға да өзі шығарып салғанын айтты.

Бейсен Құранбек тележурналистиканың ішінде жүргізушілер тобының биігіне көтеріле білді. Қазақта бүгінгі күнге дейін Бейсен секілді жобаларды жүргізетін  жүргізуші болған жоқ. Мен Бейсенді Ресейдің Малаховына теңеймін. Әрине, Малахов Құдай емес, дегенмен бір ордалы елді маңайына жинай білген, аудиторияны өзіне қарата білген маман болды. Осы жолда өзін қалыптастырып, көпке үлгі болып, бой түзеттіріп келе жатқан шағында неге сұм ажалы ерте алып кетті екен деп қатты күйнемін, - дейді Несіп аға. 

Үш нәрсеге тыйым салды

Бейсен Құранбек – алғыр шәкірт қана емес, өзі де біраз жасқа ұстаз бола білді. Бүгінде Бейсенен тәлім алдық дейтіндердің саны өте көп. Олардың да алды көпшілікке танылып үлгерген. Республикалық, облыстық телеарналарда қызмет атқарады. Ол көптеген жас маманды қолдап, қолпаштап шығармашылыққа жол бастауына септігін тигізген.

Құранбек телеарнада жұмыс істеген кезінде үнемі айналасына жастарды жинап алып, олардың күнделікті жұмыста не істегенін, не түйгенін, қандай кедергілерге тап болғанын, қандай көмек керек екенін және ертеңге қандай жоспары барын талқылап отырады екен. Тіпті, бұл сұрақтарды жұмыстың күн тәртібіндегі есепке айналдырған. Ал есепті толтырмаған жанға 1000 теңге айыппұл салған. Ал айыппұлдан түскен ақшаға жастардың басын қосып, шәй алып, шер тарқасып отыратын болған.  Осылайша, адамның өз-өзіне есеп беруі қаншалықты маңызды екенін жастарға түсіндірген.

Бейсен Құранбектің шәкірті, «Айтуға оңай» және «Қарекет» бағдарламаларында бірге жұмыс істеген әріптесі Ақжелең Рахатдинқызы ұстазы жастарға үш нәрсеге тыйым салғанын айтты. Олар: «біреуге шағымданба, біреуді айыптама және ешкімге ақталма» деген екен.

Содан кейін Бейсен аға уақыттың қадірін бағалауды, адамның уақытын ұрламауға үйрететін. Өзі де кездесуге, жиналысқа ешқашан кешікпей келетін. Егер де сен кешігіп келсең, «демек бұл іс-шара сен үшін маңызды емес болып тұр» дейтін. Сондықтан намысқа тырысып, жүрген жерімізден қалмай, елден ерте баруға тырысатынбыз. Дегенмен. бұны дәл Бейсен Құранбек секілді істеу ешкімнің қолынан келген жоқ, - дейді Ақжелең Рахатдинқызы.

Бейсен Құранбек – мықты психолог. Ол эфирдегі кейіпкерлермен ғана емес, эфир сыртындағы әріптестерімен де сұхбаттасып, болмысын ашуға тырысқан. Адамның жан-дүниесіне үңіліп, ішкі түйсігін сезіне білген. Әр адамды жақынындай қабылдайтыны сонша әріптестеріне үнемі күлімдеп «туысқандар» деп хәл-жағдай сұрасып, амандасатын көрінеді. Қыз балаларды «айналайын», ер жігіттерді «батыр» деп те атайтын болған.

Шәкірттерімен «өмір деген ғажап», «өмір деген қызық», «өмір деген сұрқат», «өмір деген әділетсіз» және «өмір деген қатты мұң» деген бес бағыт бойынша талқылау жүргізіп отырған. Ақжелең Рахатдинқызы ұстазы құр сөзбен айтып қана қоймай қағаз алып шимақтап, сызып, тарам-тарамға бөліп түсіндіретінін айтады.

Жұмысқа ерте келіп, әріптестерінің іс-қимылын, әрекетін және көңіл-күйін бақылап, ешкімді назардан тыс қалдырмай барлығын бірдей елеп отыратын болған.

«Студияда біреудің көңілсіз жүргенін көрсе, эфир біткен соң жеке шығарып жағдайын, отбасын, денсаулығын, ата-анасының амандығына дейін сұрап, бәрінің дұрыс екендігіне көз жеткізетін. Ал қандай да мәселе болса, соны бірге шешуге тырысып, амалын жасайтын, - дейді Ақжелең.

Иә, Бейсен Құранбек туралы таңды-таңға ұрып айта беруге болады. Біз дәл пандемия кезінде өмірден өткен әріптес ағамыз туралы аз-кем естеліктермен бөлістік. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімін беру туралы ұсынысты қолдаған еді. Сөйтіп, жыл соңында өмірінің соңғы жылдары қызмет еткен «Жетісу» телеарнасы отырған ғимаратқа марқұмның есімі берілді.

Миражан Махан
Бөлісу: