Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі тағы бір мәрте әлем назарын өзіне аударды. 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында ұлттық өрнекті беделді тізімге енгізу туралы шешім қабылдануы – біздің мәдени кеңістігіміз үшін айрықша мәні бар оқиға. Бұл жаңалықты тек ресми мәртебе ретінде емес, ұлттың көркем ойлау жүйесі мен тарихи жадын әлем мойындаған сәт ретінде қабылдауға болады.
Қазақ оюы – жай әшекей емес, ғасырлар сүзгісінен өткен көркем тіл. Сол себепті оның халықаралық деңгейде танылуы ұлттық болмыстың терең тамырын тағы бір рет айқындап берді. Ою-өрнек – сәндік элемент қана емес, халқымыздың дүниетанымы, эстетикалық талғамы мен тарихи жадының көркем тілмен сөйлеген көрінісі.
Осы жаңалық аясында біз өнертанушы Назерке Шынарбекпен бірге Ұлттық музейдің этнография залын аралап, көне жәдігерлердегі ою-өрнектерге арнайы шолу жасап қайттық. Экспозициядағы тұскиіздер, сырмақтар, зерлі бұйымдар мен ағаштан жасалған тұрмыстық заттардағы әрбір өрнек – өз дәуірінің көркем шежіресі. Өнертанушының айтуынша, мұндағы қошқармүйіз, түйетабан, жұлдыз өрнектері тек сәндік мақсатты ғана көздемей, дүниетанымдық мән мен символдық мазмұнды қатар жеткізеді. Осылайша, музей қорындағы құнды мұралар қазақ оюының терең тарихы мен үзілмеген сабақтастығын айқын көрсетеді.
Ең алдымен текемет, сырмақ, тұскиіздердегі ою-өрнектерге арнайы тоқталдық. Өнертанушы Назерке Шынарбектің айтуынша, бұл бұйымдардағы қошқармүйіз, сыңармүйіз, түйетабан, жұлдыз сынды өрнектер қазақтың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінің көркем көрінісін танытады.
Ою-өрнектерді талдағанда оларды қазақтың дәстүрлі бұйымдарынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Сырмақ, текемет, тұскиіз секілді сәндік-қолданбалы бұйымдардың барлығы ою-өрнекпен тығыз байланыста дамығанын ескеру қажет. Яғни, көптеген өрнектердің қалыптасуы, атауы мен мазмұны олардың қай бұйымға түсірілгеніне және сол бұйымның жасалу техникасына тікелей тәуелді.
Мәселен, сырмақта көбіне ірі мүйіз тектес өрнектер жиі қолданылады. Себебі, сырмақ жасау технологиясы бойынша екі түсті киізден оюлар қиылып алынып, бір-біріне сырып тігіледі. Осы ерекшелік ұсақ, нәзік, гүлді детальдары мол өрнектерді беруді қиындатады. Сондықтан сырмаққа тән композиция ретінде симметриялы, ірі мүйіз өрнектер орныққан.
Дегенмен кейбір сирек үлгілерде ұсақ детальдары бар гүлді өрнектер де кездеседі. Соның бірі - қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің әжесінен қалған сырмақ. Бұл бұйымда өрнек пен өріс өзара тең үйлесіп, бір-бірінен бөлек қарастырылмайды; екеуі тұтас композициялық жүйе ретінде қатар өріледі.
Бұдан бөлек, кестемен безендірілетін тұскиіздерде ұсақ әрі күрделі ою-өрнектер жиі ұшырасады. Бұл, ең алдымен, оның жіңішке жіппен кестелену техникасына байланысты. Мұндай тәсіл шеберге өрнекті еркін құрастыруға, қиялын кеңінен қолдануға және көптеген нәзік детальдардан тұратын композициялар жасауға мүмкіндік береді. Ал сырмаққа тән технологияда мұндай ұсақ әрі көпқабатты өрнектерді беру қиын, сондықтан онда мұндай ерекшеліктер сирек кездеседі.
Басқұр мен баулардың техникасына келсек, бұл бұйымдарда көбіне геометриялық сипаттағы сынық мүйіз өрнектері басым түседі. Сонымен қатар тараққа, түрлі әшекей бұйымдарға ұқсас бейнелік элементтер де кездеседі. Мұндай өрнектердің қалыптасуы олардың тоқылу тәсілімен тікелей байланысты. Өйткені тоқу барысында күрделі иірімдерден гөрі геометриялық сынық өрнектерді беру әлдеқайда қолайлы. Сол себепті бұл бұйымдардағы гүл тектес өрнектердің өзі көбіне төртбұрышты, үшбұрышты пішіндер арқылы ықшамдалып бейнеленген.
Өрнек, ырғақ, симметрия: ағаштағы үйлесім
Ағаш бұйымдарындағы ою-өрнек жүйесі қазақтың дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнерінің тұтас көркемдік заңдылықтарын бойына сіңіре отырып қалыптасқан. Сандық, кебеже, асадал, адалбақан секілді тұрмыстық заттардағы өрнектер тек әсемдік қызмет атқарып қана қоймай, иесінің дүниетанымын, эстетикалық талғамын және әлеуметтік мәртебесін де білдірген. Бұл бұйымдардағы оюлар кілем мен кестеге тән композициялық тепе-теңдік, ырғақ пен симметрия қағидаларын сақтай отырып, материал табиғатына сай жаңа сипатқа ие болды. Ағаштың қаттылығы мен оймыштау техникасы өрнектердің құрылымын айқындап, сызықтардың анықтығы мен бедердің айқындылығын талап етті.
Алғашқы кезеңдерде ағаш бұйымдарында зооморфты мотивтер басым болғаны байқалады. Мүйіз тектес өрнектер, қошқармүйіз, түйетабан секілді бейнелер көшпелі мәдениеттің дүниетанымымен сабақтасып, табиғатпен үйлесім идеясын жеткізген. Уақыт өте келе бұл жүйеге өсімдік тектес, өрме сипаттағы күрделі өрнектер қосылып, композициялық құрылым байи түсті. Мұндай өзгеріс шеберлердің кәсіби шеберлігінің өсуімен қатар, көрші халықтардың сәндік өнерімен танысу нәтижесінде қалыптасқан көркемдік ықпалдастықпен де түсіндіріледі. Татар, славян шеберлерінің бұйымдарындағы өрме, ирек, гүл тектес элементтер қазақ шеберлерінің шығармашылық тәжірибесінде жаңа мазмұнға ие болып, ұлттық сипатта қайта өңделді.
Дәстүрлі қазақ ою-өрнегінің маңызды ерекшеліктерінің бірі - композициялық дербестік қағидасы. Классикалық үлгілерде әр өрнек өз алдына тұтас бейне ретінде беріліп, бір-бірімен қиылыспай, тек ырғақтық үндестік арқылы байланысады. Бұл тәсіл кеңістік тазалығын сақтап, өрнектің мәндік тұтастығын айқындайды. Алайда XIX ғасырдан бастап кесте бұйымдары мен ағаш жиһаздарда өрме сипаттағы, өзара астасып, қиылыса орындалатын күрделі өрнектер кең тарай бастады. Бұл құбылыс қазақ сәндік өнерінің тоқырап қалмай, тарихи кезеңдермен бірге жаңарып отырғанын, сыртқы әсерлерді ұлттық дүниетаным сүзгісінен өткізіп, өзіндік көркемдік жүйе аясында дамытқанын көрсетеді.
Сонымен қатар қазақ тұрмысында кең тараған сандықтардың сүйекпен қапталған түрлері де кездеседі. Мұндай бұйымдарды безендіру ерекше шеберлікті талап еткен, өйткені сүйекке кілемдегідей күрделі әрі иірім оюларды түсіру оңай болмаған. Сондықтан сүйекпен көмкерілген сандықтардың сыртында көбіне ықшам, нақты геометриялық өрнектер - нүктелі, сызықты, ұсақ қайталама бедерлер басым қолданылған.
Бүгінге жеткен үлгілердің ішінде төсектің алдыңғы бөлігінен сақталған көркем оймышты нұсқалар бар. Мұндай бұйымдар жоғары кәсіби шеберліктің нәтижесі ретінде бағаланып, кез келген адамның қолы жете бермеген. Әдетте оларды дәулетті, ауқатты отбасылар арнайы шеберлерге жасатқан. Сүйекпен әшекейленген бұйымдардағы өрнектердің қарапайым көрінуі олардың көркемдік деңгейінің төмендігін емес, қайта материал мен техника ерекшелігіне бейімделген эстетикалық шешім екенін аңғартады.
Кілемдегі ою-өрнектердің де өзіндік көркемдік жүйесі мен қалыптасқан дәстүрі бар. Қазақтың тоқыма кілемдері негізінен оңтүстік және батыс өңірлерде - күн шуағы мол, жылы аймақтарда тоқылған. Бұл, ең алдымен, кілем тоқу ісінің ұзақ уақытты, кең алаңды және аса зор еңбекті қажет ететін күрделі үрдіс болуымен байланысты. Сондықтан мұндай жұмыс көбіне жаз айларында немесе табиғи жағдайы қолайлы өңірлерде жүргізілген.
Қазақ кілемдерінің атауы көбіне ондағы негізгі өрнекке байланысты қалыптасқан. Мәселен, шатыргүл кілемінің атауы оның орталық бөлігінде орналасқан «шатыргүл» өрнегінің атауымен тікелей сабақтас. Кілемнің орталық алаңы дәстүрлі түрде «көл» деп аталып, басты композициялық өрнек осы бөлікке түсірілген. Ал айналасындағы жиектері «қорған» деп аталып, оған гүл тектес және мүйіз үлгісіндегі әртүрлі өрнектер жүргізілген. Мұндай құрылым кілем композициясының тұтастығын сақтап, өрнектердің ырғақтық үйлесімін қамтамасыз еткен.
XX ғасырдағы кілемдерде көркемдік мазмұн одан әрі кеңейе түсті. Кейбір шеберлер кілемге өз есімдерін, шыққан тегін немесе белгілі бір оқиғаға қатысты жазбаларды енгізіп отырған. Бұл құбылыс кілемнің тек тұрмыстық бұйым ғана емес, сонымен бірге тарихи-мәдени дерек көзі, жеке естелік пен көркем ойдың көрінісі болғанын айқын көрсетеді.
Бұл жерде көрсетілген «Арабы» кілем - тақыр кілемнің бір түрі. Оның атауы кілем бойына жүргізілетін сызықты өрнектер жүйесіне байланысты қалыптасқан. Аталған өрнек халық арасында «Алабас ою» деген атпен белгілі. Әдетте бұл ою бірнеше қатар болып қайталанып, композицияның негізгі құрылымын құрайды. Ал орталық бөлігінде өрмекшіге ұқсас тармақталған өрнектер тоқылып, жалпы көркемдік шешімді толықтыра түседі.
Сонымен қатар мұнда «самаурынгүл» деп аталатын өрнек те кездеседі. Бұл атау орталықтағы өрнек пішінінің самаурын бейнесіне ұқсастығына байланысты берілген. Қазақ кілем өнерінде мұндай атаулардың қалыптасуы өрнектің сыртқы келбетіне, халықтың танымына және тұрмыстық заттармен салыстыру дәстүріне тікелей байланысты.
Бұдан өзге де бірқатар атаулар сақталған. Мәселен, «баднас гүлі» атауы орыс тіліндегі «поднос» сөзінен туындаған. Кілемнің орталық бөлігіндегі өрнек пішінінің науаға ұқсастығы осы атаудың қалыптасуына себеп болған. Мұндай кірме атаулар негізінен XIX–XX ғасырларда пайда болып, қазақ кілем өнерінің тарихи дамуы барысында мәдени ықпалдастықтың да айқын із қалдырғанын көрсетеді.
Текемет пен сырмақтың жасалу технологиясын көп жағдайда шатастырып жатады. Алайда бұл - орындалу тәсілі де, көркемдік шешімі де өзгеше екі бұйым. Сырмақ көбіне екі түсті киізден ойылған өрнектерді бір-біріне сырып тігу арқылы жасалады. Сондықтан оның оюлары анық, шекарасы айқын, композициясы нақты болып келеді.
Ал текеметте өрнек бөлек ойылып тігілмейді, керісінше түрлі түсті жүн бір киіздің бетіне бірге төселіп, сулап-бастыру арқылы тұтас күйінде қалыптасады. Осы технологияның ерекшелігіне байланысты текемет өрнектері жұмсақ, көмескі, бір-біріне сіңісіп кеткендей әсер қалдырады. Өрнектерінде әртүрлі детальдар кездескенімен, көбіне қошқармүйіз тәрізді зооморфты бейнелер басым болады.
Текемет оюларының түсі де әдетте тым қанық емес, дақ тәрізді жұмсақ реңктермен беріледі. Соған қарамастан өрнектің негізгі сұлбасы анық сезіліп тұрады. Осы көмескілік пен тұтастық текеметтің басты көркемдік ерекшелігін айқындап, оны сырмақтан даралай түседі.
Қазақ бұйымдарында кездесетін өрнектердің барлығын жалпылап «мүйіз өрнек» деп атай салу дұрыс емес, өйткені олардың түрлік, құрылымдық және композициялық айырмашылықтары айқын. Рас, көптеген өрнектер мүйіз элементінен бастау алады. Соның негізінде қиық мүйіз, сыңар мүйіз, қошқармүйіз, гүлмүйіз секілді көптеген нұсқалар қалыптасқан. Мәселен, бір мүйіз элементінен құралған өрнек жеке мотив ретінде танылса, ал төрт бағытқа тармақталған мүйіз элементтері бірігіп келген жағдайда ол «төртқұлақ» деп аталады. Яғни мүйіз - шағын құрылымдық бөлшек болса, төртқұлақ - бірнеше элементтен құралған тұтас мотив.
Жалпы, кез келген ою-өрнек белгілі бір шағын элементтен басталып, сол элементтердің әртүрлі үйлесуі арқылы мотив құралады. Ал бірнеше мотивтердің өзара байланысып, тұтас жүйе түзуі композицияны қалыптастырады. Сондықтан ою-өрнекті тек мағыналық (семантикалық) тұрғыдан ғана талдау жеткіліксіз. Оны ең алдымен көркемдік құрылымы, ырғақтық үйлесімі, кеңістіктегі орналасуы мен композициялық заңдылықтары тұрғысынан қарастыру қажет.
Шеберлер үшін ою-өрнек көбіне тұрмыстық тәжірибемен ұштасқан шығармашылық әрекет болған. Олар әр өрнектің астарлы мағынасын арнайы ойлап отырудан гөрі, оның бұйым бетіне қалай үйлесетінін, жалпы композицияның тепе-теңдігін, өрнектердің өзара үндесуін көбірек назарда ұстаған. Сондықтан қазақ ою-өрнегін түсінуде оның символикалық мазмұнымен қатар, көркемдік логикасы мен дәстүрлі композициялық ойлау жүйесін қатар қарастыру маңызды.
Белдіктегі белгі: атбас өрнегінің сыры
Ер адамдар таққан кемер белдіктерде жиі ұшырасатын өрнектердің бірі - атбас ою. Пішіні жағынан ол ағылшынның S әрпіне ұқсас иірім сызықтардан тұрады. Қазақ қолөнерінде бұл өрнек көне үлгілердің қатарына жатады және өңірлік дәстүрлерге қарай итқұйрық, ботамойын сияқты атаулармен де белгілі. Кемер белдіктерде атбас ою көбіне симметриялы түрде, екі жаққа иіліп, аттың басын елестететін бейнеде беріледі.
Жалпы ою-өрнектердің қалыптасуында қарапайым геометриялық пішіндер маңызды рөл атқарады. Үшбұрыш, төртбұрыш, ирек сызық, спираль секілді элементтер күрделене келе ұлттық өрнек жүйесінің негізін құрайды. Мәселен, спираль тәрізді қарапайым сызық көшпелі өмірде күнделікті көріп жүрген қошқар мүйізінің бейнесімен сабақтасып, уақыт өте келе қошқармүйіз өрнегінің көркем үлгісіне айналған.
Осы тұрғыдан алғанда, қазақ ою-өрнегі табиғатты қабылдау тәсілінен, тұрмыстық тәжірибеден және шебердің көркемдік ойлау жүйесінен туындаған күрделі мәдени құбылыс ретінде танылады.
Қазақтың зергерлік әшекейлерінде ою-өрнектер көбіне ықшам әрі жинақы сипатта беріледі. Мұнда геометриялық өрнектер кең тараған. Мәселен, үшбұрышты бүршіктеу техникасы арқылы орындалған үшбұрыштар жиі кездеседі. Кейбір жүзіктерде S әрпіне ұқсас иірім мотивтер бейнеленіп, оларды халық танымында жылан бейнесімен байланыстырады. Қазақ дүниетанымында жылан - өсіп-өнудің, тіршіліктің жалғасуының белгісі ретінде қабылданған, сондықтан оның бейнесі жұмыр білезіктерде де жиі нақышталған.
Жалпы зергерлік бұйымдарда күрделі, көпқабатты өрнектер сирек қолданылады. Бұл, ең алдымен, металл өңдеу техникасының ерекшелігімен байланысты: шағын көлем мен материалдың қаттылығы өрнекті ықшам, анық және қарапайым пішінде беруді талап етеді. Соның нәтижесінде зергерлік әшекейлерде көбіне геометриялық, зооморфты элементтерге негізделген нақыштар басым болады.
Мәселен, «тамақша» деп аталатын әшекей - тұрмыс құрмаған қыздарға арналған бұйымдардың бірі. Ол қыздың тамағын жауып тұрып, тіл-көзден сақтасын деген сеніммен тағылған. Тамақшаның металл пластиналарына көбіне зооморфты сипаттағы, түйетабанға ұқсас өрнектер түсірілген. Бұл мысал зергерлік өнердегі өрнектердің мүмкіндігі белгілі бір деңгейде шектеулі болғанымен, олардың мәні мен көркемдік әсері айрықша болғанын көрсетеді.
Қазақ ою-өрнегінің тарихи эволюциясы әсіресе киім-кешек бұйымдарында айқын көрініс табады. XIX ғасырда Кіші жүз құрамындағы Бөкей ордасының ханымдары мен ханшаларына тиесілі сақталған киім үлгілеріне назар аударсақ, олардың аса күрделі әрі нәзік өрнектермен кестеленгенін байқаймыз. Батыс Қазақстанға тән бұл үлгілерде алтын жіппен кестелеу кең қолданылып, хан-сұлтандар әулетінің салтанатты киімдері көркемдік деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленген.
Аталған киімдердегі өрнектерде өсімдік тектес және зооморфты мотивтер өзара үйлесіп, күрделі композициялық жүйе түзеді. Мұнда тек қошқармүйіз не қызғалдақ тәрізді жеке өрнектер ғана емес, олардың әртүрлі нұсқалары бір-бірімен араласып, түрлене берілген. Ірі өрнектер спираль тәрізді мүйіз пішіндерін еске салса, олардың арасына гүл бейнелі элементтер нәзік кестеленіп, тұтас композицияны байыта түседі. Мұндай күрделену сол кезеңдегі көрші татар мәдениетінің ықпалымен қатар, түрлі түсті және сапалы жіптердің кең таралуымен де байланысты болды.
Сәукеле секілді салтанатты бас киімдер де ерекше әшекейленген. Оның сыртқы беті тұтастай қалыпталған металл әшекейлермен көмкеріліп, әр бөлшегіне геометриялық және өсімдік тектес өрнектер нақышталған. Сәукеленің бет жақтауындағы металл элементтерде де гүл тәрізді нәзік өрнектер кездеседі. Бұл мысалдар қазақ киіміндегі ою-өрнек жүйесінің уақыт өте келе күрделеніп, сәндік және әлеуметтік мәні тереңдегенін айқын көрсетеді.
Оюлар жынысқа бөлінбейді
Қазіргі уақытта кең тарап жүрген жаңсақ пікірлердің бірі - ою-өрнектер ерлер мен әйелдерге қатаң бөлінген деген түсінік. Шын мәнінде, қазақ дәстүрінде мұндай нақты шектеулер болмаған. Ою-өрнек ең алдымен бұйымның қызметіне, әлеуметтік мәртебесіне және көркемдік талғамға байланысты таңдалған, ал жыныстық айырмашылық басты өлшем болмаған.
Мысалы, ер адамдар киген жарғақ шалбарларда да гүл тектес өрнектер жиі кестеленген. Бұл тек шалбармен шектелмей, шапандарда да көрініс тапқан: олардың артқы бөлігінде дөңгелек композициялы өрнек салынып, айналасына мақта, қызғалдақ, түрлі жапырақ бейнелері молынан кестеленген. Бір қарағанда нәзік, «әйелдерге тән» болып көрінетін мұндай өрнектер шын мәнінде бай-сұлтандардың, тіпті батырлардың да киімінде кең қолданылған.
Мәселен, XVIII ғасырға жататын көне үлгілердің бірі - Қуандық батырдың шапаны түгелге жуық өсімдік тектес өрнектермен безендірілгені белгілі. Бұл деректер қазақ ою-өрнектерінің жыныстық тұрғыдан бөлінбейтінін, олардың басты мақсаты көркемдік үйлесім мен әлеуметтік-мәдени мәнді жеткізу болғанын көрсетеді. Сондықтан ою-өрнекті түсіндіруде оны әйелдік не ерлік деп жіктеуден гөрі, тарихи контексті мен көркемдік жүйесі тұрғысынан қарастыру әлдеқайда орынды.
Жәңгір ханның жары Фатима ханшаның камзолының реконструкциясында өсімдік тектес өрнектердің мол әрі нәзік кестеленгені байқалады. Мұндай көркемдік шешімнің қалыптасуына татар халқының кесте өнерінің ықпалы болғаны аңғарылады. Камзол бетінде гүл, жапырақ, өрме сабақ тәрізді элементтер үйлесімді орналасып, тұтас композициялық өрнек түзеді.
Сонымен қатар мүйіз тектес өрнектерді алтын жіппен кестелеу - ауқатты хан-сұлтандар киімінде кең тараған кесте тәсілдерінің бірі. Бұл әдіс киімнің сәндік деңгейін арттырып қана қоймай, оның әлеуметтік мәртебесін де айқындап тұрған. Мұндай үлгілер қазақ киіміндегі ою-өрнек өнерінің жоғары көркемдік деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Жалпы қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінде шығармашылық еркіндік барынша айқын көрінетін бұйымдардың бірі - тұскиіз. Бұл жерде кесте техникасы шеберге ою-өрнекті сан түрлі үлгіде бейнелеуге кең мүмкіндік береді. Көптеген тұскиіз үлгілерінде бүкіл беті тұтас өрнекпен кестеленіп, композициялық тұтастық айқын сақталады.
Тұскиіздің өзіндік құрылымдық жүйесі қалыптасқан. Оның орталық бөлігі дәстүрлі түрде «көл» деп аталады, ал оны айнала қоршаған жиектері «қорған» деп аталады. Сыртқы қызыл матамен көмкерілген бөлігі кей өңірлерде «қасы» немесе «көмкермесі» деп те аталады. Осындай атаулар тұскиіз композициясының әр бөлігінің өзіндік қызметі мен мәні болғанын көрсетеді.
Тұскиіздерде көбіне дөңгелек пішінді өрнектер кестеленіп, олар «табақ ою» деп аталады. Бұл табақ өрнектердің ішіне өсімдік тектес те, зооморфты да түрлі элементтер еркін енгізіледі. Мәселен, жұлдыз өрнегі - кейінірек тараған үлгілердің бірі, соның ішінде бесжұлдыз оюы кең кездеседі. Сонымен қатар үшбұрышты өрнектер де жиі ұшырасады: кей өңірлерде олар «үшкіл ою» деп аталса, енді бір жерлерде «қолтықша ою» деген атаумен белгілі. Қолтықша ою көбіне ірі өрнектердің арасын толтыру мақсатында кестеленеді.
Осылайша тұскиіздегі өрнектердің атауы тек семантикалық мазмұнына ғана емес, олардың композициядағы орны мен атқаратын қызметіне де байланысты қалыптасқан. Бұл қазақ ою-өрнегінің терең жүйелі әрі көркемдік ойлауға негізделген дәстүр екенін айқын аңғартады.
XI ғасырда тұрғызылған Айша бибі кесенесі - қазақтың дәстүрлі ою-өрнек мәдениетінің терең тамырын танытатын бірегей сәулет мұрасы. Кесененің сыртқы қабырғалары толықтай терракота тақталармен қапталып, олардың әрқайсысы нәзік әрі күрделі өрнектермен безендірілген. Бұл өрнектердің қатарында мүйізге ұқсас элементтермен сабақтасатын төртқұлақ мотивтері де кездеседі. Мұндай көркемдік шешім ескерткіштің сәндік мәнін арттырып қана қоймай, сол дәуірдің эстетикалық талғамы мен дүниетанымынан да хабар береді.
Айша бибі кесенесі Қарахан әулеті билік құрған кезеңде салынған. Дегенмен сол дәуірге тән Өзбекстан мен Қырғызстан аумағындағы басқа архитектуралық ескерткіштермен салыстырғанда, мұндағы өрнек жүйесі айрықша сипатымен ерекшеленеді. Кесенедегі оюлар кейін қазақтың қолданбалы өнерінде кең тараған үлгілермен үндесіп, ұлттық өрнек дәстүрінің ерте қалыптасқанын аңғартады.
Осы тұрғыдан алғанда, Айша бибі кесенесі - тек сәулет ескерткіші ғана емес, қазақ ою-өрнек өнерінің тарихи сабақтастығын дәлелдейтін көркем дерек. XI ғасырда қалыптасқан бұл өрнек жүйесі ғасырлар бойы үзілмей дамып, бүгінгі күнге дейін ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде сақталып келеді.