Қой жылы!

29 Желтоқсан 2014, 09:25

2015 жылы – Қой жылы. Қой – қазақта төрт түліктің қатарына жататын болған соң, қой туралы біршама деректер келтірдік.

Қой жылы – он екі жылдық жыл санау жүйесіндегі жетінші жыл атауы. Дәстүрлі түсінік бойынша, он екі жылдың әрқайсысының белгілі жануарға тән өзіндік ерекшеліктері бар деп саналған. Яғни, Қой жылы. қойдың мінезі тәрізді «қоңыр», яғни, жуас, мал мен жанға жайлы, құт- берекесі мол жыл деп есептелінді. Қой жылы жауын-шашыны мол жылдардың қатарына жатады. Сондықтан шөп шүйгін шығады және астықтың түсімі мол болады. Қой жылы төрт түліктің өсімі үшін де қолайлы жыл ретінде ерекше қастерленді. Жылдардың сипатына қатысты айтылатын «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгір тоғыс болды» деген сөздер халықтың сан ғасырлық күнқайыру тәжірибесінен туындаған.

Халықтық пайымға қарағанда, Қой жылы туған жандар қарапайым, жуас, бірақ сыншыл, тынбай ізденгіш жігерлі болады екен деседі.

Қой түлігіне қатысты наным-сенімдер, салт- дәстүрлер мен ырым, тыйымдар.

Халықтың байырғы ұғымы бойынша әр түліктің иесі, пірі бар. Сиырдың пірін – Зеңгі баба, түйенің пірін – Ойсылқара, жылқының пірін – Қамбар ата, ешкінің пірін Шекшек ата десе, қойдың пірін Шопаната деп атайды. Аталған пірлер тек төрт түліктің емес, төрт түлікті өсіруші кәсіп иелерінің де жебеушісі деп есептеледі. Мәселен, Зеңгі баба – сиыршының, Ойсылқара –  түйешінің, Қамбар ата – жылқышының, Шекшек ата – ешкі бағушының, ал Шопан ата қойшылардың пірі деп саналады. Халық ұғымында жылқы – желден, сиыр – судан, түйе – шөлден, ешкі – тастан, қой оттан жаралған.

Қойға байланысты салт-дәстүрлер:

– сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып, қой сойдырып, соның тоқ ішегін мойнына байлап береді. Сонда баланың тілі шығады деп саналады;

– күйеу жігіттің «есік ашар» дәстүрі орындалған соң, қыз ағасының үйінде өлі-тіріге арнап күйеу жігіт алып келген еркек қой сойылып, әруақтарға арналады. Ауыл ақсақалдары шақырылып, табақ тартылады. Бата сұралады. Өлі-тіріге сойылған қойдың етінен қалыңдық дәм татпауға тиіс. Халық сенімі бойынша, дәм татқан қыз ауруға шалдығады;

–  қазақта қой қырқып, жүн сабаған және киіз басқан кезде жел соқса, жүнді ұшырып кетеді деп екі тал шиді немесе шөмшекті айқастырып, жүнмен байлап қояды. Оны- сы – жел шамынан сақтану болса керек;

–  қозының құйрығы мен енінің кесіндісін құмырсқадай көп болсын деп илеуіне тастаған;

–  үй-жайды қорғайды деп, қойдың кәрі жілігін босағаға іліп қояды;

–  алғаш туған қозыға шашу шашып, «мыңның басы болғыр» деп аузын үрлеген;

–  қой сойғанда төстегі шеміршекті кесіп алып, балаларға қарата «атың жүйрік бола ма?» деп қабырғаға лақтырып жабыстырады;

–  қой қырқатын қайшыны иесіне жүнге орап қайтарады, сондай-ақ, қолға бермей, жерге қойып беру керек.

 

Қойға қатысты ырымдар:

– қотыр шыққан балаға сойған малдың көзінің суын жақса жазылады деп есептейді;

– қотандағы қой бір бағытқа қарап жусаса, кешікпей ту сыртынан боран соғады;

– өрістен қайтқан қойдың езуінде шөп келсе, қыс қытымыр болады;

– қой қораға еркін кірсе, қыс жайлы болады;

– қой тұяғымен төсін қасыса, қар қалың түседі;

– қой тісін қайраса, кешікпей боран соғады;

– қорадағы қой пысқырынса, қозы-лақ секеңдеп ойнаса, қойлар сүзіссе, жаңбыр жауатындықтың нышаны болған;

– қозы енесінен бөлініп қала берсе, қыс қатты болып, жұтқа ұласуы мүмкін. Ал енесінен озып жүрсе, қыс жай- лы болады;

– күз мезгілінде қой отары өрге қарай жайылса, жұт бо- лады деп жорылған;

– қой қорадан «зауықсыз» өрсе, сол күні күн-райы бұзылады деп білген;

– қойдың желге қарап күйіс қайтарып жатуы – күн райының жайлылығы мен жылылығын нышаны;

– қыс басында қойлар шашырай жайылса, қыс жайлы болмақ;

– бөгде адам отар ішінде жатса, малдың құты кетеді;

– қойшы қой баққанда ұстайтын таяғын бөтен біреуге бермегені жөн. Өйткені шопанның таяғы киелі болып есептеледі. Ол жын-шайтанды малдан аластайды;

– жаңа ай туғанда қойға қошқар жіберсе, иесі өкпелейді;

– қой шуын жеп қойса, сүт шықпай қалады деп жориды.

 

Қойға қатысты тыйымдар:

– қой құйымшағын тұштақай боласың деп балаға бермейді;

– қойға қошқар салғанда зекіп сөйлеуге болмайды. Қошқар қуатынан айырылады, қой қысыр қалады деседі;

– қойдың шуын жерден айыруға болмайды. Сондықтан, оны тастағанда жерге сүйретіп апару керек. Әйтпесе қозы қашаған болады делінеді;

– қой жүнін өртеуге болмайды;

– түн ішінде қорадағы малды санамайды;

– қандай жақын адамы болса да түн ішінде қорадан мал ұстап бермейді. Өйткені, қой жусап жатқан қорада бақ та жатады екен. Қораның бейқамдығы ыдыраса – мал тыныштығы бұзылады;

– өрісте жайылып жүрген малдың немесе қоралы қойдың ортасын қақ жарып өтпейді. Себебі, үйірлі малдың ішінде Қызыр пайғамбар жүреді. Малдың оттай ыстық көрінуі содан деп ырымдайды. Қоралы қойдың ортасын жарып өтсе – Қызыр шамданады, мал екіге бөлінеді. Орта- сынан айырылады, шығынға ұшырайды. “Қой Меккеден шыққан” дейтін түсінікке байланысты болуы ықтимал.

– қойдың мүйізін отқа жақпайды; қорадағы қой сүйегі сырқырайды;

– қойды қант беріп, тұз беріп шақыруға болмайды, оған сайтан жүгіреді;

– қой төлдеп жатқан уақытта қан шығаруға болмайды;

– қой өріске кеткен соң, қой қораның есігін ашып тастауға болмайды, өйткені жын-шайтан кіріп кетеді;

– қой бағып отырып тігін тігуге, сонымен бірге өзіне, отбасына байланысты қайғылы жағдайларды айтуға бол- майды. Мал иесі өкпелейді;

– қойларға қошқар қосып жатқанда дауыс көтеруге, сондай-ақ, қамшы өруге болмайды. Қойдың құты қашады делінеді;

– кемтар  адам  қойға  қошқар  жіберуіне  болмайды. Қозылар сондай болып тууы мүмкін;

–  қой қоздап жатқанда малды сатпайды, біреуге сыйла- майды. Малдың құты қашады;


Әзірлеген: Досжан Ділдабай 

Мақала «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедияның көмегімен дайындалды.

Бөлісу: